Талғардағы трагедия
Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне күдікті жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деген ақпарат шындыққа жанаспайтын болып шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл мәлімдемені Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалхаров растады.
Оның айтуынша, ұйымдасқан қылмыстық топ деген нақты түсінік бар және ол бірнеше рет қылмыс жасаған адамдарды қамтуы керек.
“Бұл жерде бір ғана оқиға орын алғандықтан, күдіктілерді ұйымдасқан топтың мүшелері деп айтуға негіз жоқ. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тараған “Хуторскийлер” туралы ақпаратқа да түсініктеме берілді. Кеңес заманында осылай аталған “Хуторская” ауданы қазіргі уақытта “Бірлік” деп аталады. Дегенмен сол ауданның барлық тұрғынын қылмыстық топ мүшелері деп айыптауға болмайды. Бізде мұндай топтар жоқ”, – деді Шалхаров.
Оның сөзінше, тергеу барысы туралы мәліметтер жарияланбайды, себебі сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ақпаратты таратуға тыйым салатын қылмыстық-процестік кодекстің баптары бар. Сондай-ақ ұсталғандардың арасында құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғаларының балалары жоқ екені аталып өтті.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
Сонымен қатар Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.
"Қазіргі таңда үш пышақ тәркіленді. Оның екеуі ас үй пышағы. Сондай-ақ бір мылтық бар. Қару ешқайда тіркелмеген. Департамент оны сараптамадан өткізіп жатыр", - дейді Серік Шалқаров.