«Ломбардқа оқуымның ақшасын жабу үшін бардым»: Шымкентте тапаншалы қылмыскерді тоқтатқан жігіт кім

Qaz365.kz редакциясы

Тұран аудандық полиция қызметкерлері дер кезінде келіп, құқықбұзушыны тұтқындаған

Фото: Qaz365.kz

Qaz365.kz тілшісі Шымкентте қару ұстаған қылмыскерді тоқтатқан жасөспірім Ұлықбек Құрманалиұлымен сұхбаттасты. Оның ломбардқа тапанша ұстап кірген қылмыскерді ұрып құлатқан видеосы кешеден бері әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Оқиға қалай болды

Еске салсақ, Шымкент қаласы Рысқұлов көшесінде орналасқан ломбардтардың бірінде бетіне медициналық маска киіп алған белгісіз тұлға  қолына тапаншаға ұқсас затпен ломбард қызметкерлерін қорқытып, 100 мың теңге қаражат талап еткен. Ломбард ішінде тұрған 18 жасар ер азаматтар қылмыстың алдын алу мақсатында құқықбұзушыны тәртіп сақшылар келгенше ұстап алған.

Тұран аудандық полиция қызметкерлері дер кезінде келіп, құқықбұзушыны тұтқындаған. Аудандық полиция басқармасының бастығы Тілеуов Нұржан өз кезегінде жасөспірімдердің танытқан ерлігі үшін арнайы алғыс хатпен марапаттады. 

Әзілдеп тұр ма деп ойладым

Батырлық танытқан Ұлықбек Құрманалиұлы не үшін ол жерге барған? Аталмыш оқиға қалай болды? Мұны өзінен сұрап көрдік.

«Ол жексенбі күні болды. Маған оқудың ақшасын төлеуге 360 мың теңге керек болды. Ата-анама салмақ салмайын деп телефонымды өткізуге дос баламен бірге ломбардқа барған едім. Содан ол жерге кірдім. Телефонымды тапсырдым. Қарап тексергенін күтіп отырдым. Біраздан соң артымнан маска киіп алған жігіт кіріп келді. Кассадағы қыз одан «қандай көмек керек» деп сұрағанында «қосымшаны тарту керек» деді ол. Мен сағат 20.30 кезінде кірдім. Ломбард сағат 21:00-де жабылады екен. Мен телефонымды өткізіп таяп қалған кезде ол тапаншасын алып шығып, кассадағы қызға тақайды. Содан ақша талап етеді. Мен одан «шын істеп тұрсың ба, қалжың емес пе» деп сұраймын. Өйткені өмірімде мұндай жағдайға бірінші рет кездесіп тұрғаннан кейін шығар, әзіл ретінде қабылдадым. Ол жігіт «иә» деп дөрекі түрде жауап берді», - дейді ол.

Осыдан кейін Ұлықбек оның шын айтып тұрғанын түсіне қойып, ұрып құлатқан. Тапаншасы қолынан түскенше тоқтамадым дейді. 

«Жерге құлатқан соң қасымдағы дос бала қолындағы тапаншасын тартып алды. Есін жинатқызып, сол жерде диванға отырғыздым. Сол кезде полиция қызметкерлері тез жетіп келді. Тергеу басталып кетті. Сөйтіп ломбардтан сағат 23.00-де шықтық. Ары қарай ІІБ-ге бардық. Ол жерге барған кезде шынымен солай болып жатқанын қабылдадым. Менен жауап алды. Содан ломбард дос бала екеумізге сыйлық ретінде Iphone 15 телефонын берді», - дейді шымкенттік жігіт. 

Ұлықбектің оқуына 360 мың теңге керек болған. Өзіне сыйлаған телефон 240 мың теңгеге сатылыпты. Сонымен бір жылдық оқуын жауып алған. Ол – Орталық Азия Инновация университетінде дене шынықтыру мамандығы бойынша 1 курс студенті.

«Өзіме керек болар деп бокспен төрт жыл айналысқанмын. Болған оқиғаны көрген соң анам қорыққан екен. Өліп кетсең не болады деп айтты. Бірақ құдайға шүкір, бәрі жақсы менде. Бір жағынан осылай қорғағаныма қуанып отыр. Ломбард және де прокуратура құттықтады. Алғыс хат берді. Барлық туған-туыс құттықтап жатыр», - дейді ол.

«Екінші рет осындай жағдай болса не істейсің? Ойланасың ба?» деген сұраққа Ұлықбек «Алда не болатынын білмейміз ғой. Мүмкіндік болса, қолдан келгенін істейміз» – дейді.