Оқиға 2019 жылы болған
Алматы соты тағы бір резонансты істің нүктесін қойды: осыдан 5 жыл бұрын жұмбақ жағдайда көз жұмған Лиза Пылаеваны қасақана өлтірді деген үш күдіктіні сот түгел ақтап шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үш күдіктінің біреуі – Лизаның туған нағашы әжесі, екіншісі – нағашы әпкесі, ал, үшінші күдікті – солардың үйінде жұмыс істеген бағбан адам.
Алматы соттарының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, сот бұл үш адамның кінәсін дәлелдейтін айғақ жоқтың қасы деп тапқан.
Жалпы, Лизаның әке-шешесі ажырасқандықтан ол көбіне әкесінің қолында тұрып, анасының үйіне ара-тұра келіп жүретін көрінеді. 2019 жылы 12 мамыр күні анасы мен нағашы әжесінің үйінде жүргенде бала көз жұмған: үйдегі куәгерлердің бәрі бірауыздан «қыздың үстіне аулада тұрған мүсін құлап, қаза тапты» деген еді. Алайда, оның әкесі, қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері Лизаны нағашы әпкесі көлікпен басып кетіп, оның ізін жасыру үшін үйдегілер көліктегі қанды сүртіп, қыздың киімін ауыстырып, денесіндегі жарақаттарды жуып-шайып, оқиға орнына жедел-жәрдем шақырудың орнына, оны ауруханаға өздері апарған деп санаған. Ал нағашы әпкесінің бұл ісіне қызғаныш себеп деп көрсеткен.
Сот үш күдіктіге тағылған мына айыптарды дәлелсіз деп таныған:
«Осылайша, айыптаушы тарап жәбірленушінің өліміне көліктің соққысы себеп болғанын және оны күдікті басып кеткенін дәлелдейтін айғақтар ұсынған жоқ. Айыптау болжамға ғана негізделген, бұл негіз айыптау үкімін шығаруға аздық етеді. Сот күдікті Ольга Шмакованы (қыздың нағашы әпкесі), Леонарда Рыжакованы (қыздың нағашы әжесі) және Ухтам Махмұдовты (отбасының бағбаны) толық ақтап шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Алматы соттары.
Сот осы қылмысты жасаған адамдарды анықтау үшін іс материалдарын прокуратураға жолдаған.