Аймағамбетов кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейтінін ескертті
Талғарда кісі қолынан өлген Шерзат Болаттың үйінің өртелуі жайлы депутаттар да ашулана жазып жатыр. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Талғардағы қылмыстың үстінен қылмыс жасау – заңды елемеудің, тәртіпті таптаудың айқын көрінісі деп атап, ашық сот өткізуді талап етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Нартай Аралбайұлының талабы
«Таң атқалы Талғардан ақпарат толассыз келуде. Ұлынан айрылып қан жұтып отырған отбасының қара шаңырағын өртеп жіберу қасиетсіз қаскөйлердің әрекеті. Бұл заң мен тәртіпті елемеудің, жұрттың талабын табанға таптаудың айқын көрінісі. 16 жасар Шерзат бауырымыздың денесі жер қойнына тапсырылғанына апта ғана толды, ал қаскөйлер оның отбасын ойрандауды доғарар емес», - дейді ол.
Нартай Аралбай Алматы облысының полиция департаменті марқұм Шерзаттың отбасын тәулік бойы қорғауға алғанын мәлімдегенін еске салды. Үйдің өртенуіне байланысты Бас прокуратура ведомстваралық жедел-тергеу тобының құрылғанын, қылмыстық іс Бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
«Көпшілік көзге шұқып көрсеткендей Шерзаттың өліміне кінәлілер тұтас бір ұйымдасқан қылмыстық топ іспетті. Депутаттық сауалымда атап айтқанымдай: Алматы облысы Талғар ауданында 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуін, аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруін талап етем! Қасірет шегіп отырған Шерзат бауырымның қара шаңырағын өртегендер дереу табылып қамалуы тиіс! Біздің қоғамның қауіпсіз екеніне ел сенсін десе құзырлы орган өкілдері қылмыскерлерді дереу құрықтауы керек. Және олардың соты ашық, онлайн өтуі тиіс!» - дейді ол.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатқанын, жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырғанын жазады.
«Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет. Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз», - дейді ол.
Аймағамбетов кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейтінін ескертті.
«Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет.Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. “Заң және тәртіп” принципі баршаға бірдей жұмыс істеуі керек. Біздің елде заңның үстемдігі тұжырымдамасы жұмыс істейді, демек ешкімнің заңнан жоғары бола алмайтынын, заң алдында бәрі тең екенін түсінуіміз керек. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды. Елді дүрліктіруге бағытталған тексерілмеген ақпараттарды таратпайық», - дейді Аймағамбетов.
Бүгін түнде Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзаттың үйі өртеніп кетті. https://qaz365.kz/incidents/9593-talgarda-kisi-kolynan-kaza-tapkan-sherzattyn-uii-ortenip-ketti/ Алматы облысы ПД тәртіп сақшылары тарапынан қаза тапқан 16 жасар Шерхат Болаттың отбасы тәулік бойы күзетілетінін хабарлады.