Анасы жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген
Жітіқарада өрт шыққан үйде көз жұмған бес баланың оқиғасы жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тың мәліметтерді айтты. Оның сөзінше, қайғылы оқиға болған күні анасы балаларын жалғыз қалдырып кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Министрдің сөзінше, анасының өтінішімен өрт болған үйге кешқұрым 1995 жылғы ер адам келіп, от жағып беріп кеткен. Министрдің айтуынша, отбасы атаулы әлеуметтік көмек пен алимент алған. Анасы екі некеден алты бала тәрбиелеп отырған. Ең кішкентайының жасы небәрі бірде болған.
Жақыпованың айтуынша, жақында анасы көпбалалы ана атағын алған. Жыл ішінде ол 320-330 мың теңгеге жуық алимент және 290 мың теңгеге жуық атаулы әлеуметтік көмек алған.
«Бұл көп-көрім көмек болған», – дейді Жақыпова.
Алты баланың анасы жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген. Оның өрт болған түні неге қалаға кетіп қалғаны белгісіз.