"Не жаздық бұларға": марқұм Шерзат Болаттың әжесі желіде тараған видеодан кейін жанайқайын жеткізді

Qaz365.kz редакциясы

Видеода марқұмның әкесінің пышақ ұстап тұрған тұсы таспаланған

Фото: ktk

Әлеуметтік желіде Талғарда Шерзат Болат қаза болған күні видеобақылау камерасына жазылып қалған бейнежазбаның үзінділері жарияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видеода марқұмның әкесінің пышақ ұстап тұрған тұсы таспаланған. Шерзаттың әжесі осы видеоға қатысты пікір білдіріп, жағдай түсініксіз болып отырғанын, балалары кінәлі емес екенін жеткізді. 

Марқұм Шерзаттың әжесінің видеосы Instagram-дағы Almaty.official парақшасында жарияланды. 

"Бізді осы дәрежеде қорлайтындай біз не жаздық бұларға? Не кінәміз болды? Біз олардан пиво сұрап, арақ сұрап, үйлеріне, магазиндеріне барғанымыз жоқ қой. Олар кінәлі адамдар емес пе, өздері келіп, өздері тиісіп, өздері бастап тұр. Енді заң орындарында адамдары бар. Сол заң орындарындағы адамдар, азаматсыңдар ғой сендер де, сендердің бастарыңа түспей ме сондай күн? Алладан қорықпайсыңдар ма? Жаратушы иенің бар екенін сол дәрежеде сенімдеріңнің жоқтығына таңқалам. "Видео жоқ" дедіңдер де, қайтадан бөліп-бөліп өздеріңе ыңғайлап әр жерді кесіп, мына жері мынадай болды деп... (салдыңдар – ескертпе). "Аққа құдай жақ" деген, бірақ менің балаларым адам өлтірген жоқ. Адамның қанын ішкен жоқ. Өздеріңнің намыстарың білсін. Халқым, осының ақ-қарасын өздерің шешіңдер. Адамды перзентінен айырмасын, "атам" десе де, "ботам" деп жылатпасын. Өздеріңнің бастарыңа түспесе, түсінбейтін адамдар болуларың керек. Түсінгенде мынадай қайғы көріп отырған адамдарға бұлай тиіспес едіңдер, адамның ұясы бұзылмасын. "Оралман" деп, "сырттан келгендер" деп осындай дәрежеге әкеліп отырған болсаңдар, мен қаңғып келген адам емеспін. Өзімнің атамекеніме, жұртыма, еліме көшіп келген адаммын. Мен 89-да көшіп келген адаммын. Менің бала-шағам осы жерде туылды, қаны осы жерде тамды, осы жерде саналы азаматтар болып өсіп жатыр. Бәрінің құжаты бар, қазақстан азаматы мен азаматшалары, ел елегінен өткізіп, сабырға келіп, ақ-қарасын, не болып жатқанына ақыл қосасыңдар, қаралайсыңдар ма өздерің білесіңдер. Мынау түсініксіз жағдай, қатты түсініксіз жағдай, менің балам өліп ауруханада жүрдім, моргта жүрдім, баламды қоям деп жүрдім. Сол аралықты пайдаланып, осындай видео шығарғанда, жоқ боп кеткен кезде видеоларды өздеріне ыңғайластырып қосып жатқан азаматтардың бастарына берсін осы күнді. Басқа айтар сөзім жоқ", - дейді марқұм Шерзат Болаттың әжесі.

Айта кетейік, бұған дейін әлдекімдер марқұм Шерзат Болаттың Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылындағы үйін өртеп жіберген. Алматы облысының әкімдігі баспанасын өрт шалған Шерзат Болаттың отбасына тұрғын үйді қалпына келтіруге көмектесетін болды.

Алматы облысы ПД тәртіп сақшылары тарапынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Болаттың отбасы тәулік бойы күзетілетінін хабарлады. Қылмыстық iс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бақылауына алынды.