Ол Қонаевта өткен брифинг сияқты ашықтық қажет екенін айтты
Талғардағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін қоғамда жергілікті жерден сайланған Мәжіліс депутаттары қайда деген сұрақ туындады. Алматы облысынан төменгі палатаға өткен депутаттың бірі Данияр Қасқарауов осының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Артық сөйлегім келмейді. Аяғына дейін баруға дайынмын. Ешқандай күмән болмасын. Халық сайлаған депутат бөлек. Мемлекет сайлаған депутат бөлек. Бұл жұмысқа барымды салуға ешқандай мандат кедергі емес. Осындай шулы істер әділ шешілуі тиіс. Бауыржан Әленов (ішкі істер министрінің орынбасары – ред) бірінші барғанында халыққа түсіндіріп айтуы тиіс еді. «Барлығын бақылауымызға аламыз, әділ өтеді, қобалжымаңыздар» деген сияқты сөздер жетіспеді. Онсыз да дүрлігіп тұрған қоғамға Әленовтің айтқаны үркіту сияқты болып кетті. Елдің наразылығын тудырды», - дейді Данияр Қасқарауов.
Ол Қонаевта өткен брифинг сияқты ашықтық қажет екенін айтты. Енді әліптің артын бағуымыз қажет деп отыр. Сондай-ақ Алматы облысынан сайланған депутат неге бірден Талғарға бармағанын түсіндірді.
«Біз полицейлер бақылауға алды деп ойладық. Себебі жергілікті басшылар бар. Телефон арқылы сұрадық. Үйін өртегеннен кейін бұл дау өршіп кетті. Сол себепті іс онсызда насырға шауып тұрғанда қайғы жұтып отырған отбасының мазасын алғым келген жоқ. Көмекшім Диас Нұрақынды жіберіп, ақырын барлығын бақылап кел дедім. Шерзаттың әкесі мені жақсы таниды екен. телефонымды беріп, хабарласып отырмыз», - дейді депутат.