Ақтауда 12 жасар қыздың бетіне футбол қақпасы құлап ауыр жарақаттанды

Nur-Altay Umirzak

Ауыр жарақат алған қыздың беті толықтай тігілген

Сурет: astanatv.kz

24 қазанда Ақтау қаласындағы тұрғын-үй аулаларының бірінде 12 жасар қыздың бетіне футбол қақпасы құлап кеткен, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі liter.kz-ке сілтеме жасап.

 Бұл туралы блогер Азамат Сәрсенбаев инстаграм әлеуметтік желісінде хабарлаған. 

"Достар, кеше футбол қақпасы құлаған қыздың отбасы (футбол алаңын ауыстырумен айналысқан мердігерлер қақпаны кесіп, оларды жерге тастап кеткен) қаржылық қолдауды қажет ететіні белгілі болды. Өздеріңіз көріп отырғандай, қыздың беті толықтай тігілген. Өкінішке орай, тиісті оңалту мен көмексіз он екі жасар қыздың бетіндегі бұл жарақат психологиялық жарақат туралы айтпағанда, өмір бойы қалуы мүмкін. Қайғылы оқиғаға жанама кінәсі бар мердігер ұйым қызды оңалту бойынша барлық шығындарды өз еркімен өтейтініне күмәнім бар. Сондықтан еліміздің барлық бей – жай қарамайтын тұрғындарынан қыздың отбасына көмектесуін және оларды қолдауын сұраймын", –  деп жазады блогер.

Блогердің бастамасымен қызға арнайы жинақ ашылып, қаржылай көмек көрсету басталып кеткен.

"Сапасыз құрылыс фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - деп хабарлады Маңғыстау облысы Полиция департаменті.

Сауда министрлігі балалардың қауіпсіздігін арттыру үшін спорттық жабдықтардың жаңа техникалық регламентін әзірлеуге ниетті.