Қостанайда жантүршігерлік жол апатынан төрт адам қаза тапты

Qaz365.kz редакциясы

Tank маркалы көлік жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен

Куәгерлер суреті

Қостанай облысында жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тауып, сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп - тексеруді (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі) бастады», - делінген хабарламада. 

Оқиға 28 қазанда таңертең Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы Новонежинка және Жусалы елді мекендерінің арасында болған. Қостанай-Әулиекөл-Сұрған тасжолында 59 жастағы Tank маркалы көлік жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, «ВАЗ-2112» маркалы автокөлікпен соқтығысып қалған.

Соқтығыс салдарынан «ВАЗ» автокөлігінде болған төрт адам оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды. Tank автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы Әулиекөл аудандық ауруханасына жатқызылды.