Ақтөбе облысында медициналық анықтамалар негізсіз қымбаттаған

Nur-Altay Umirzak

Қызмет бағасына хирург, невропатолог қарауы және  қан талдауы сияқты қосымша медициналық қызметтернегізсіз енгізілген

Сурет: hh.com.ua

Ақтөбе облысында медициналық мекемелерде қызмет бағасының негізсіз қымбаттауы анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді. 

“Заң және Тәртіп”идеологиясын іске асыру аясында Ақтөбе облысы прокуратурасы азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарының сақталуына талдау жүргізді. Ойыл ауданында ақылы медициналық қызметтердің құны негізсіз қымбаттатылғаны анықталды. №073/е анықтамасы (көлік құралын басқаруға рұқсат алу үшін) және №075/е анықтамасы (медициналық кәсіби-консультациялық қорытынды) 7 705 теңге, ал №076/е анықтамасы (қару ұстауға рұқсат алу үшін) 9 405 теңге болған. Қызмет бағасына хирург, невропатолог қарауы және Вассерман реакциясына қан талдауы сияқты қосымша медициналық қызметтердің негізсіз енгізілгені анықталды. Сонымен қатар, аурухананың қажетті диагностикалық жабдықпен толық қамтылмауынан науқастар облыстық медициналық мекемелерге жүгінуге мәжбүр. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықтамалар құны №073/е – 6 000 теңгеге, №075/е – 5 000 теңгеге, №076/е – 9 000 теңгеге төмендетілді”, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қазіргі уақытта жетіспейтін жабдықтарды сатып алу мәселесі бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына өтінім жолданған. Нәтижесінде азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.