FlyArystan дәрігерлерге қанат бітірді: кардиохирургтар аймақтарды аралап, балаларға көмек көрсетуде

Qaz365.kz редакциясы

FlyArystan әуе компаниясы мен Heart Center Foundation қоғамдық қоры дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және жүрек ақауы бар балаларға көмек көрсетуге бағытталған бірлескен әлеуметтік жобаларды кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматыда өткен кезекті «Пациент мектебі» аясындағы көшпелі оқыту сессиясында UMC Кардиохирургия орталығының мамандары ата-аналар мен дәрігерлерге арналған дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізді. FlyArystan кардиологтар мен кардиохирургтардың Астанадан Алматыға ұшуын қамтамасыз етті.

– Heart Center Foundation-пен серіктестік біздің ұзақмерзімді әлеуметтік стратегиямыздың маңызды бөлігіне айналды. Бұл – денсаулық сақтау саласының дамуына нақты үлес қосатын тұрақты бағыт, – деді FlyArystan президенті Ричард Леджер.

Компания соңғы бір жылда Қостанай, Қызылорда, Орал және Ақтау қалаларында өткен дәрігерлерге арналған оқыту жобаларына қолдау көрсеткен.

Көшпелі сабақ кезінде UMC орталығының мамандары жүрек ырғағы бұзылған және туа біткен ақаулары бар балаларды қарап, кеңес берді. Балалар кардиологтары Айкерім Жанатқызы мен Татьяна Иванова-Разумова жүктілік кезіндегі тексерудің маңызы мен балаларды күту ерекшеліктері туралы баяндады.

Heart Center Foundation директоры Мұрат Зауыров мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

– Мұндай шаралар ата-аналар мен дәрігерлерге ауруды жақсырақ түсінуге көмектеседі. Біз маңызды медициналық ақпаратты қоғамға қолжетімді етуді мақсат етеміз. FlyArystan серіктестігі арқылы білім беру жобалары еліміздің әр өңірінде жүзеге асып жатыр, – деді ол.

Қазан айында өткен ESG Awards марапаттау рәсімінде Heart Center Foundation қоры аймақтық денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі үшін арнайы жүлдеге ие болды.

FlyArystan – Air Astana тобының 100% еншілес төмен бюджетті әуе компаниясы. Ал Heart Center Foundation – Қазақстандағы медицина саласына арналған алғашқы эндаумент-қор.