Қаржыландыруды тоқтатты: Томотерапиясыз қалған онконауқастар дабыл қақты

Qaz365.kz редакциясы

Томотерапия Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеудің заманға сай тәсілдерінің бірі

Томотерапия Қазақстанда онкологиялық ауруларды емдеудің заманға сай тәсілдерінің бірі. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі биыл қазаннан бастап ем-домның осы түрін мемлекеттік қаржыландырудан шеттеттен. Министр Ақмарал Әлназарованың бұйрығына сәйкес, бұл технология жоғары технологиялық қызметтер тізімінен алынып тасталған. Соның салдарынан емделіп жүрген ондаған адам мен медицина мамандары тығырыққа тіреліп отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында дәрігерлер мен пациенттер бұл шешімнің ауыр салдарын айтты. Олар елордадағы Ұлттық баспасөз клубында бас қосты. Олардың ішінде Ресейден келген, Д. Рогачев атындағы балалар онкологиясы және иммунологиясы ұлттық орталығының сәуле терапиясы бөлімінің жетекшісі Алексей Нечеснюк бар. Қазақстандағы жағдайға дәрігер маман алаңдаулы екенін жеткізді. 

«Өткір лейкозға шалдыққан балаларды емдеуде біз кемік майының тұтас жүйесін сәулелендіру әдісін қолданамыз. Бұл әдісті тек томотерапия технологиясы арқылы іске асыруға болады. 640 баланың 60 пайызы осының арқасында аман қалды. Егер Қазақстанда бұл ем тоқтаса, көптеген бала өмірмен қош айтысуы мүмкін», – дейді ол.

Шетелдік маманның айтуынша, мұндай шешім науқастардың ғана емес, бүкіл саладағы мамандардың кәсіби әлеуетін де әлсіретеді. Сонымен қатар, Алексей Нечеснюк Астанадағы «Үміт» орталығының ем-дом әдісіне жоғары баға беріп, науқастарды емдеудегі нәтижесін жоғары бағалап отыр. Алайда бұл нәтиже қаржыландыру тоқтаған соң адам болмақ. 

«Біз мемлекетке қажет екенімізді білгіміз келеді» 

Семейден келген Нұрсұлу Ғалиева «Үміт» «Үміт» Халықаралық онкологиялық томотерапия орталығы жұбайын емдетіп жүр. Үш ай бұрын күйеуі ауыр дертке шалдығып, отбасының басына қара бұлт үйірілген. Ол өз сөзінде медициналық қызмет сапасының ерекшелігін атап өтті. 

««Үміт» орталығы – басқа мекемелерге ұқсамайды. Мұнда науқас өзін жайлы сезінеді, емдеу тәртібі өте жүйелі. Химиятерапия секілді ауыр процесс емес. Мамандар жылы сөзбен қарсы алып, моральдық қолдау көрсетеді. Егер онкологиялық науқастар бәрі бір жердегі орталықта ем-дом алса, олар бір-бірінің ауыр жағдайын көріп, еңселері түсіп кетер еді. Ал мұнда амбулаториялық ем қабылдай алады. Біз тек бір нәрсені сұраймыз – мемлекет бізді ұмытпасын дейміз, – дейді ол толқып. 

«Кеше ғана балаларға тегін ем жасап отыр едік...» 

«Үміт» халықаралық онкологиялық томотерапия орталығының директоры Ерлан Шаяхметов болса, жағдайдың нақты себебін түсіндірді. Ол 1 қазаннан бастап министрліктің шешімімен томотерапия КСТ тізіміне ауыстырылғанын айтты.  

«Бірақ жаңа жүйе бойынша төлем механизмі мен мемлекеттік тапсырыс бекітілмеген. Соның салдарынан бізде 57 науқас, соның ішінде жеті бала емнен айырылды. Тегін ем көрсетуді тоқтатуға тура келді, – дейді ол. 

Орталық 2019 жылы жеке инвестициямен ашылып, америкалық Accuray құрылғысымен жабдықталған. Дәрігерлер мен физиктер АҚШ пен Үндістанда оқыған, клиника екі рет халықаралық GSI стандарты бойынша сертификат алған. Томотерапиямен емдеу Түркияда 50-60 млн теңге аралығында болса, АҚШ-та тіптен 100 млн теңгеден артық сомаға ұласады. Ал Қазақстандағы «Үміт» орталығындағы бұл ем-домды науқастар 3-4 млн теңгеге алып келген. Енді мемлекет тарапынан осы қаржыландыруды тоқтаса, науқастар денсаулық жағдайынан бөлек, қаржылық қиындыққа да тап болмақ. 

«Біз осы күнге дейін мемлекет бекіткен тариф арқылы науқастарға тамақтан бастап барлық жағдайды жасап келдік. Бірақ тариф қысқарып, қазір бұл қызмет залалды күйге түсті. Егер мәселе шешілмесе, кадр кетеді, құрылғылар тоқтайды», – дейді Шаяхметов. 

«Ем-дом тоқтаса, үміт те сөнеді» 

Онкологиялық аурумен күресіп жүрген Серік Доскенов болса, өз көзімен көрген жағдайды баяндады. 

«Бір күні емханаға ерте барып едім, балалардың ем алып жатқанын көрдім. Сол көрініс мені төбе шашым тік тұрардай толқытты. Біз Конституция бойынша тегін медициналық көмек алуға құқылымыз. Бірақ қаржыландыру тоқтағалы бері науқастардың көбі қалтасынан төлей алмай қалды. Ал ем-дом жүйесін үзуге болмайды. Бұл өмір мен өлімнің арасы», – дейді зейнеткер. 

Оның айтуынша, бүгінде басқа орталықтарда «Үміт» клиникасындағыдай дәлдік пен технология жоқ. Зейнеткер советтік әйгілі бард Владимир Высоцкийдің қанатты сөзін келтірді. Высоцкий кезінде «мен болмасам жарайды, басқа біреудің жолы болсын» деген өлең жолдарын қалдырған. 

Дәрігерлер нені сұрайды 

Мамандар томотерапияны қайта жоғары технологиялық медициналық көмек (ЖТМК) тізіміне қосуды және жеке клиникалардың шығынын ескеріп, ашық тариф жүйесін бекітуді сұрайды. Сондай-ақ, 2025 жылдың төртінші тоқсанына дейін мемлекеттік тапсырысты нақтылау, құрылғыларды күтіп ұстау және амортизация шығындарын өтеу жолдарын айқындау қажет дейді. Қазіргі есеп бойынша тарифі 70 пайызға қысқарған. 

Мамандардың айтуынша, егер жағдай осылай жалғаса берсе, ел онкология саласында кадр тапшылығына, технологиялық тоқырауға және пациенттердің өлім-жітімінің өсуіне тап болуы мүмкін. 

«Бұл – бір ғана клиниканың мәселесі емес. Бұл – Қазақстандағы жүздеген науқастың тағдыры. Одан қалды мемлекеттің абыройы да. Сол үшін Денсаулық сақтау министрлігі біздің үнімізді естісе дейміз», – дейді Ерлан Шаяхметов.