Проблеманы жоққа шығара алмаймыз – Әлназарова МӘМС жүйесі әлі толық ретке келмегенін мойындады

Qaz365.kz редакциясы

Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, кезек күткен науқастарды емдеу үшін биыл емханаларға қосымша 20 млрд теңге бөледі

Ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесінде әлі де мәселелер барын мойындады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистердің бірі министрге мынадай сұрақ қойған:

“Министр ханым, сіз бір жарым жыл бұрын қызметке келген кезде мәселені МӘМС-тен бастаймыз деген болатынсыз. Дегенмен, бұл мәселеге әлі де нүкте қойылмай тұр. Қазақстандықтар әлі де МӘМС-тегі былықтарға риза емес. Сақтандыру жүйесіне ақша аударып отырған азаматтар әлі де ота жасата алмай отыр. Астанадағы травматология орталығына барған, сіңірі үзілген науқасқа квотаны жарты жылдан кейін ғана береміз деген. Ал “дәл қазір жасатымыз десеңіз, ақшасын төлеңіз” деген. Бізге МӘМС-тің онда керегі қанша? Бұған дейін депутаттар да МӘМС-тен бас тартуды ұсынған еді. Осындай жоспар жоқ па?” – деп сұраған журналист Ақмарал Әлназаровадан.

Министр салада әлі де проблема барын мойындап, оны жоққа шығара алмайтынын айтқан. Ал жалпы денсаулық сақтау жүйесінде шұғыл және жоспарлы түрде көрсетілетін қызметтердің барын атап өткен. Министр барлық емдеу мекемелері шұғыл түрде көрсетілетін қызметтерді көрсетіп жатқанына сенімді. Оған тиісті қаражат толық көлемде бөлініп жатқанын да айтқан.

“Сонымен қатар кезек күтетін ем-домдар бар. Шын мәнінде де, өзіңіз айтып кеткен ортопедияда оталар жасалғанда кезек сақталады. Алты айдан тоғыз айға дейін кезек сақтайтын жағдайлар бар. Оның ішінде жыл аяғында сондай тенденция болады. Бірақ біз бұл жерде ең бастысы, МӘМС жүйесінің мәселесі емес, қаржының уақтылы беру мәселесі бар. Келесі жылдан бастап қаржыландыру тұрақтылығы жаңа заң аясында қамтамасыз етіледі. Қосымша 300 млрд теңге алып жатырмыз. Әр миллиард теңгенің артында біздің науқастарға көрсетілетін қызметтің түрлері тұр. Сондықтан келесі жылы да осы кезекті азайту бағытында жұмыс істейміз, – дейді ол.

Ақмарал Әлназарованың орынбасары Ардақ Амангелдиевтің сөзінше, науқастардың кезек мәселесін реттеу үшін жергілікті атқару органдарымен бірге жұмыс жүргізіп, қосымша 20 млрд теңге бөлу көзделіп отырғанын айтады. Осы ақша кезекте тұрған азаматтардың медицина қызметіне қолжетімділігін арттыруға бағытталады. 

“Кезекке күту мәселесі Қазақстанға ғана тән емес, жалпы бүкіл әлемде солай. Медицина қызметіне деген сұраныс медициналық ұйымдардың мүмкіндігіне сәйкес келмегеннен туындайды. Дегенмен деңгейін түсіру бағытында министрдің тапсырмасы бар. Соны орындау аясында биыл айтып кеткенімдей 20 млрд теңге бөлінеді”, – дейді ол.

Амангелдиев мәселені жүйелі түрде реттеу үшін қажетті жұмыстар жасалып жатыр деп сендіреді.

Былтыр сенаторлықпен қош айтысып, Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Ақмарал Әлназарова міндетті әлеуметтік-сақтандыру жүйесі жөнінде позициясын айтқан еді. Сол кезде Әлназарова “МӘМС-тен бәрібір бас тартпаймыз” деп мәлімдеген.