Ресми дерек бойынша, соңғы бес жылда медицина қызметкерлеріне 280 шабуыл тіркелген
Бүгін Мәжілісте депутат Асхат Аймағамбетов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда таныстырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат баяндамасын нақты өмірдегі оқиғалардан бастап, дәрігерлерге жасалатын зорлық-зомбылықтың қоғам үшін қаншалықты ауыр зардап әкелетінін мысалдармен түсіндірді.
Аймағамбетов алғашқы мысал ретінде Қостанай қаласында болған оқиғаны келтірді.
«Тәжірибелі урологқа шабуыл жасалып, ол ауыр жарақат алды – бас сүйегі сынып, миына қан құйылды. Төрт ай жұмыс істей алмады. Осы уақыт ішінде ол шамамен 960 адамды емдер еді. Демек, бір дәрігерге қол көтеру – мыңға жуық адамды емсіз қалдыру деген сөз», – деді депутат.
Ол сондай-ақ жедел жәрдем бригадасына жасалған шабуыл туралы айтып өтті. Фельдшер мен жүргізуші мас адамдардың қолынан зардап шеккен.
«Жедел жәрдем жүргізушісі – фельдшердің қорғаушысы, көмекшісі, тасушысы. Бұл бригада 15 күн жұмысқа шыға алмады. Осы екі аптада олар 120 шақыртуға баруы мүмкін еді. Яғни, бұл – жай ғана төбелес емес, бұл – өмір мен өлім мәселесі», – деді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда ресми дерек бойынша 280 шабуыл тіркелген, бірақ шынайы сан бұдан кемінде он есе көп.
«Дәрігерлер көп жағдайда арызданбайды. Себебі қорған табатынына сенбейді. Ал мемлекет дәрігерді қорғауға міндетті», – деді депутат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді бірнеше рет тапсырған болатын.
Заң жобасы осы тапсырманың орындалуы ретінде ұсынылды. Онда Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бап енгізу қарастырылған. Бұл бап «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді.
«Қазір елімізде полицейлер, прокурорлар, судьялар, әкімдер, тіпті егерьлер мен жануарлар инспекторлары ерекше қорғалады. Егер егерьге шабуыл жасалса – 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал егер адамның өмірін арашалап жатқан дәрігерге қол көтерілсе, ол жай бұзақылық ретінде тергеледі. Бұл әділетті ме?» – деді Аймағамбетов.
Депутат жаңа баптың құрылымы мен санкциялары егерьлерді қорғау нормасындағыдай етіп дайындалғанын айтты.
«Біз дәл сондай деңгейдегі қорғауды ақ халатты жандарға да енгізуді ұсынып отырмыз. Өйткені олар күн сайын қауіппен бетпе-бет келеді», – деді ол.
Асхат Аймағамбетов дәрігерлердің қоғамдағы құқықтық теңсіздігіне де тоқталды.
«Дәрігер өз міндетін орындамаса, немесе қатеге жол берсе – 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол мас адамдардың үйіне де баруға міндетті. Бірақ мемлекет тарапынан ерекше қорғанысы жоқ. Бұл – әділетсіздік», – деді ол.
Депутат марқұм фельдшер Ұлдана есімді медицина қызметкерінің ерлігін еске алды.
«Жақында ғана болған қайғылы оқиғада біздің батыр қызымыз адамдарды құтқарам деп өз өмірін қиды. Дәрігерлердің еңбегі мен ерлігі осындай», – деді ол.
Аймағамбетов медицина қызметкеріне шабуыл жасаудың мәнін құқық тұрғысынан «екі жақты қол сұғушылық объектісі» деп түсіндірді.
«Қылмыскер дәрігерге қол көтергенде тек оның жеке басына емес, ұлт саулығына нұқсан келтіреді. Егер хирургтың саусағын сындырса, бұл мыңдаған адамның өміріне қауіп төндіреді. Өйткені ол енді ота жасай алмайды», – деді депутат.
Ол ауруханалардың қабылдау бөлімдері мен жедел жәрдем қызметінің қауіпті жағдайда жұмыс істейтінін де айтты.
«Олар есіктің ар жағында не күтіп тұрғанын білмейді. Біз полицей мен прокурорды қорғасақ, орман инспекторын қорғасақ, онда өмір үшін күресіп жүрген дәрігерді де қорғауға міндеттіміз», – деді Аймағамбетов.
Сөзінің соңында депутат заң жобасының мәнін түсіндірді.
«Бұл заң дәрігерлер туралы емес – біздің азаматтарымыздың құқығын қорғау туралы. Бұл педиатрды күтіп отырған балаларды, инфаркт алған зейнеткерлерді, шұғыл көмекке зәру адамдарды қорғау туралы заң. Бұл – қоғамға берілген нақты сигнал: дәрігерлер мен жедел жәрдемшілерге тиісуге болмайды», – деп түйіндеді ол.
Жаңа бап қабылданған жағдайда, дәрігерге немесе жедел жәрдем қызметкеріне қол көтерген адам 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.