Алматыда дәрігерлер жүрек жеткіліксіздігі бар екі науқастың өмірін жаңа технологиямен ұзартты

Qaz365.kz редакциясы
КІАҒЗИ

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар екі науқасқа соңғы буындағы CRT-P Amvia Sky үш камералы кардиостимуляторы орнатылды. Операция жергілікті анестезиямен сәтті өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа құрылғының ерекшелігі – оның жұмысы жүректің табиғи ырғағына барынша жақын, яғни физикалық және эмоциялық жүктемеге икемделіп, науқастың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Операцияны институттың аритмология қызметінің аға ординаторы Асылхан Паримбеков жүргізді. Процедураға Польшадағы Краков қаласынан келген профессор, медицина ғылымдарының докторы Кшиштоф Бочар (Krzysztof Boczar, MD, PhD) қатысты.

Бұл операция жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, қарыншалардың жиырылу синхрондылығының бұзылуы, сол жақ қарыншаның жиырылу фракциясының төмендеуі, AV-блокада және жүрекшелер абляциясын өткерген науқастарға жасалды. Мұндай жағдайда жүрек қызметін тұрақтандыру үшін үш камералы кардиостимулятор қажет.

Мастер-класс аясында дәрігерлер кардиоресинхрондау терапиясының принциптерімен және жүректің өткізгіштік жүйесі аймағына имплантация жасау тәжірибесімен танысты.

Институттың басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаевтың айтуынша, мұндай шеберлік сабақтары медицина мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи технологияларды тәжірибеге енгізуге жол ашады.

«Мұндай мастер-кластар дәрігерлерге жаңа әдістерді меңгеруге және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Тәжірибе алмасу – кәсіби өсудің маңызды бөлігі», – деді ол.

Асылхан Паримбековтың сөзінше, үш камералы CRT-P құрылғылары жүректің насостық функциясын жақсартып, қан айналым тиімділігін арттырады және науқастардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартады.

Ал жүрек ырғағы және өткізгіштігі бұзылыстары бөлімінің меңгерушісі Бағдат Ахыт бұл технологияның болашағы зор екенін атап өтті:

«Жүректің өткізгіштік жүйесіне бағытталған CRT-P имплантациясы жүрек қызметі жеткіліксіздігі бар науқастардың ұзақ мерзімді нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Операциялар сәтті аяқталды. Дәрігерлердің айтуынша, кардиостимулятор орнатылған науқастар енді толыққанды өмір сүре алады: жұмыс істеу, саяхаттау, тіпті спортпен айналысу да мүмкін.