Сенат депутаттары медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғауды күшейтуге бағытталған заңды екі оқылымда да қолдады. Заң Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер енгізуді көздейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Сенатор Айнұр Арғынбекованың айтуынша, бұл өзгерістер медицина қызметкерлеріне жасалатын шабуылдардың жиілеуіне байланысты қабылданып отыр. Ресми дерекке сәйкес, 2025 жылы ғана дәрігерлерге қарсы 70-тен астам шабуыл тіркелген. Ал 2019–2025 жылдар аралығында мұндай оқиғалардың саны 280-нен асып кеткен.
Сенатор бұл мәселенің кездейсоқ емес, жүйелі сипат алғанын атап өтті. Бұған дейін заңда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілері ерекше қорғауды қажет ететін жеке санат ретінде көрсетілмеген. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етеді.
Енді Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіледі. Ол медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне күш көрсету, қорқыту сияқты әрекеттер үшін жазаны қатаңдатады. Егер тек қорқыту немесе күш қолданамын деп сес көрсету болса, айыппұл салу, қоғамдық жұмысқа тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ауырлататын жағдайлар болса, жаза үш жылға дейін ұлғаюы мүмкін.
Егер күш қолдану өмір мен денсаулыққа қауіпті болмаса, жаза одан да қатал болады. Мұндай жағдайда айыппұл көлемі өсіп, үш жылға дейін, ал ауыр жағдайларда жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Ал адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін зорлық-зомбылық үшін ең ауыр жаза белгіленген. Бұл жағдайда кінәлі адам бес жылдан он жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болса он екі жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.
Сонымен қатар жаңа өзгерістерге сәйкес, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысты істерді тергеу толықтай полицияның құзыретіне беріледі. Бұл істі тез әрі тиімді қарауға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.