Қазақстанда бірқатар танымал қара шай брендтерін ел аумағына әкелуге және сатуға уақытша тыйым салынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Тиісті шешім Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2026 жылғы 5 қаңтардағы №1-ПГСВ қаулысымен қабылданды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
Тексеру нәтижесінде аталған шай өнімдерінің құрамынан шай өндірісінде қолдануға рұқсат етілмеген қауіпті тағамдық бояғыштар – E110, E102 және E124 анықталған. Сонымен қатар бірқатар өндірушілер өнім қаптамасында жалған мекенжай көрсетіп, қажетті рұқсат құжаттарынсыз қызмет атқарғаны белгілі болды.
Уақытша тыйым салынған өнімдер қатарына:
– «Апамның шәйі Premium gold», «Al-Hayat» Gold, «БАЛҚИЯ Premium gold» («Orda Trade Astana»);
– «Sultan Suleyman», «Pakistan tea» («Real Trade Astana»);
– «Al-Jannat Premium» («Ferdaus»);
– «Aje Onim» («Орда Чай»);
– «Alfarah» (өндірушісі көрсетілмеген) брендтері енді.
Санитариялық қызмет мамандары бұл шара тұтынушылардың денсаулығын қорғау мақсатында қабылданғанын атап өтті.