2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекеттен 7,8 трлн теңге бағытталған
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы ахуалға қатысты пікір білдіріп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін тексеру барысында бірқатар заңсыздық пен теріс әрекет әшкереленгенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекет басшысының сөзінше, кешенді тексеру нәтижесінде жалған есеп беру, құжаттарды қолдан жасау арқылы мемлекеттік қаржыны ірі көлемде жымқыру деректері тіркелген.
Президент елде экономиканы дамытуға, инфрақұрылым салуға және медицина жүйесін жетілдіруге ауқымды күш жұмсалып жатқанын атап өтті. Соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген қомақты қаржының мақсатсыз жұмсалуы мен талан-таражға түсуі жол беруге болмайтынын қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, 2024–2025 жылдары денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекеттен 7,8 трлн теңге бағытталған. Бұл қаражат азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс.
Президент білім беру мен денсаулық сақтауға бөлінетін қаржы «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына сыбайлас жемқорлық әрекеттерінен пайда тапқан барлық тұлғаны анықтау жөнінде тапсырма берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметтің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарамағына беру туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.
Президенттің пікірінше, Қордағы жағдай әлеуметтік саладағы басшылықтың кәсіби деңгейінің жеткіліксіздігін және мемлекеттік мүддеге салғырт қарағанын көрсетеді. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің адалдығы мен жауапкершілігін арттыру мәселесі әлі де жалпыұлттық маңызға ие болып отыр.