Нипах вирусына байланысты Қазақстан шекарасында бақылау күшейтілді

Qaz365.kz редакциясы
istock

Қазақстан Республикасында Нипах вирусын жұқтыру немесе оны ел аумағына әкелу деректері тіркелген жоқ. Қазіргі таңда эпидемиологиялық жағдай тұрақты және толық бақылауда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сонымен қатар профилактика мақсатында және Үндістандағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты мемлекеттік шекарадағы барлық өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Әсіресе Үндістаннан және Нипах вирусы тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген жолаушыларға ерекше назар аударылып отыр.

Министрлік мәліметінше, қолайсыз эпидемиологиялық жағдай тіркелген елдердің тізімі тұрақты түрде қайта қаралып, жаңартылып отырады. Медициналық ұйымдар инфекцияның әкеліну қаупіне дайындыққа келтірілген.

Шұғыл медициналық көмек пен инфекциялық стационарлардың бригадалары толық әзірлікке көшірілген. Сонымен қатар дәрі-дәрмектердің, жеке қорғану құралдарының және дезинфекциялау заттарының жеткілікті қоры қалыптастырылған.

Ведомство эндемиялық елдерге сапарлауды жоспарлап отырған азаматтарға жеке сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Ал шетелден оралғаннан кейін ауру белгілері байқалса, барған елі туралы ақпаратты көрсете отырып, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.

Анықтама ретінде айта кетейік, Нипах вирусы – жануарлардан адамға жұғатын зооноздық инфекция. Ол көбіне жарқанаттар мен шошқалар арқылы, сондай-ақ науқас адаммен тығыз байланыс кезінде немесе ластанған тағам мен сусын арқылы берілуі мүмкін. Ауру қызудың көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік белгілерімен басталып, ауыр жағдайда жүйке жүйесінің зақымдалуына және өкпенің қабынуына әкелуі ықтимал. Қазіргі таңда Нипах вирусына қарсы арнайы ем немесе мақұлданған вакцина жоқ, медициналық көмек симптомдарға қарай көрсетіледі.