Өткен жылы Қазақстанда кешенді тексерулердің нәтижесінде шамамен 400 денсаулық сақтау нысаны қызметін тоқтатты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ведомство мәліметінше, тексерулер барысында 500-ден астам әкімшілік жаза қолданылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 70 млн теңгеден асты. Негізгі назар жеке процедуралық кабинеттерге, наркологиялық және оңалту орталықтарына, сондай-ақ стоматологиялық клиникаларға аударылған.
Тексеру нәтижесінде бірқатар жүйелі заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, ел бойынша жұмыс істеп тұрған 1900-ден астам жеке процедуралық кабинет тіркелсе, соның 406-сы (20,5%) лицензиясыз қызмет көрсеткен. Түсіндіру жұмыстарынан кейін 247 кабинет өз еркімен жабылған. Сондай-ақ жеке наркологиялық және реабилитациялық орталықтарға жүргізілген 39 тексерудің 14-інде (36%) лицензияның жоқтығы анықталған. Ал тексерілген 313 стоматологиялық клиниканың 143-і қызметін ерікті түрде тоқтатқан.
Ең жиі кездескен заңбұзушылықтар қатарында лицензиясыз жұмыс істеу, фармацевтикалық қызмет талаптарын бұзу, қызметкерлердің біліктілік талаптарына сай келмеуі, медициналық көмек стандарттарын өрескел бұзу және тіркелмеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды қолдану бар.
Министрлік биыл жеке медициналық ұйымдарға бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Оның ішінде МӘМС пен ТМККК аясындағы кешенді тексерулер, лицензияның бес жылдық мерзімін енгізу, постлицензиялық бақылауды цифрландыру және жасанды интеллект элементтері бар тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу көзделген.
Осыған байланысты қазақстандықтарға медициналық көмек алар кезде ұйымның лицензиясын және мамандардың біліктілігін тексеру, ал заңбұзушылық анықталған жағдайда E-otinish жүйесі арқылы тиісті органдарға жүгіну ұсынылады.