Нипах вирусының таралуына байланысты Қазақстан шекарадағы бақылауды күшейтті

Qaz365.kz редакциясы
AFP

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде Нипах вирусының таралуына байланысты Қазақстанда мемлекеттік шекарадағы санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Тексеру шаралары барлық өткізу пункттерінде қатаңдатылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қолайсыз эпидемиологиялық жағдай тіркелген елдерден, соның ішінде Үндістаннан келетін жолаушыларға ерекше назар аударылуда. Олардың денсаулық жағдайы мұқият тексеріліп, қосымша профилактикалық шаралар жүргізілуде.

Халықаралық әуежайларда төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге бағытталған арнайы оқу-жаттығулар өткізілуде. Сонымен қатар медициналық ұйымдар күшейтілген дайындық режиміне көшірілді: дәрі-дәрмектердің, жеке қорғаныш құралдарының және дезинфекциялау заттарының жеткілікті қоры жасақталған.

Құзырлы органдардың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан аумағында Нипах вирусын жұқтыру деректері тіркелмеген. Елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда.