Еліміз туберкулезді емдеу тиімділігі бойынша жоғары нәтижеге ие

Qaz365.kz редакциясы
Freepik

24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай өтетін айлық аясында Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясы болып өтті. Биыл Қазақстандағы науқан «Біз туберкулезді жеңеміз! Қазақстан көш басында. Инновация мен халықтың күші» деген ұран аясында өтпек. ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының директоры Мәлік Әденовтың айтуынша, соңғы үш жылда республикада туберкулезбен сырқаттану, өлім-жітім мен аурудың таралу көрсеткіші едәуір төмендей бастаған, емдеу мен диагностика да халықаралық стандартқа сай келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 

Қызметтің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша туберкулезбен сырқаттану 9,9%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 30,1 болды (2024 жылы – 33,4). 2025 жылы 6 130 жаңа туберкулез жағдайы тіркелді (2024 жылы – 6 740 жағдай). Қазақстан Республикасы бойынша туберкулездің таралу көрсеткіші 12,8%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 38,9-ды көрсетті (2024 жылы – 44,6).  

Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 10,0%-ға азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 0,9 болды (2024 жылы – 1,0). 

0–17 жас аралығындағы балалар арасында туберкулезбен ауыру көрсеткіші 11,8%-ға төмендеп, 100 мың балаға шаққанда 7,5-ті көрсетті (2024 жылы – 8,5). 2025 жылы Қазақстан Республикасында туберкулезден қайтыс болған 0–17 жас аралығындағы балалардың өлімі тіркелген жоқ. 

«Туберкулез – ауа-тамшы жолымен берілетін жұқпалы ауру. Алайда дер кезінде анықталып, дұрыс ем жүргізілген жағдайда толық жазылады. Мемлекет туберкулезге қарсы қызметке саяси қолдау көрсетеді, бұл ҚР “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодексінде бекітілген. Барлық емдеу хаттамалары ДДҰ ұсынымдарына сәйкестендірілген», – деді Мәлік Әденов. 

Ол бүкіл ел бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде ПТР қолдану арқылы туберкулезді және оның дәріге төзімді түрлерін анықтаудың ең жаңа жедел әдістері енгізілгенін атап өтті. Туберкулез бар-жоғын, соның ішінде туберкулезге қарсы негізгі дәрілерге сезімталдықты қоса алғанда, екі сағат ішінде дәл анықтауға болады. Өңірлік фтизиопульмонология орталықтары барлық халықаралық стандартқа сай зертханалық әдістермен 100% қамтамасыз етілген, Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу енгізілген. Туберкулез инфекциясын диагностикалау үшін Манту сынамасы, Диаскинтест пен квантиферон сынамасы (IGRA) қолданылады. Барлық өңір осындай сынамаларды жасауға қажет  жабдықтармен қамтамасыз етілген. 

«Біз қазір ерте анықтауға тырысамыз. Науқастың диагнозы неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым тиімді ем ертерек басталып, инфекцияның таралу қаупі де төмендейді. Біз молекулярлы-генетикалық әдістерді белсенді енгізіп, зертханалық қызметті күшейтіп жатырмыз. Бұл шара жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді», – деді Мәлік Әденов. 

Қазақстанда халықтың түйткілді және осал топтары арасында флюорографиялық скрининг, сондай-ақ балалар арасында туберкулинді диагностика жалғасып жатыр. Алдын алудың маңызды бөлігі – БЦЖ вакцинасы. 2025 жылы 330 397 жаңа туған нәрестенің 312 155-і (94,3%) перзентханаларда егілді, қосымша 6 804 бала медициналық-санитарлық алғашқы көмек мекемелерінде  екпе алды. Бір жасқа дейінгі балалардың 96%-дан астамы вакцина алды. ал ДДҰ стандарты – кемінде 95%. Зерттеуге сәйкес, егілген балалар туберкулезбен 15 есе сирек ауырып, ауруды жеңіл өткереді. 

Туберкулез инфекциясының профилактикалық емініңң көлемі едәуір ұлғайды. 2025 жылы оны 15 427 адам алды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 58,4%-ға көп. Ересектер арасында профилактикалық еммен қамту 113,6%-ға, балалар арасында 26,2%-ға артты. Ұзақтығы бір айдан үш айға дейінгі қысқа мерзімді жаңа профилактикалық емдеу режимдері, оның ішінде «Рифапентин» дәрісі қолданылып жатыр. Профилактикалық емнің тиімділігі 90%-дан асты. 

«Профилактикалық ем – аурумен күрестегі стратегиялық құралымыз. Әсіресе ересектер арасында профилактикалық еммен қамтудың айтарлықтай артқанын көріп отырмыз. Емнің қысқа режимдері емделушілер үшін ыңғайлы және оларға емге бейілін  арттырады. Бұл – туберкулез инфекциясының өршуінің алдын алуға қосқан үлес», – деп атап өтті орталық директоры. 

Мәлік Әденовтің айтуынша, елде дәріге және дәрінің көп түріне төзімді туберкулезді қоса алғанда, барлық емделуші үшін туберкулезге қарсы дәрі-дәрмек тегін әрі қолжетімді. Бүгінде дәрісі мен емін күтіп отырған науқас жоқ.  Инъекциялық дәрілерді қолдану толық тоқтатылды, бұл емге бейілділікті арттырады. Дәріге төзімді туберкулезді емдеу мерзімі ДДҰ ұсынымдарына сәйкес 24 айдан 9–12 айға дейін қысқартылды, ал 2024 жылдан бастап бұрын 18 айға дейін созылатын емді алмастырған «Претоманид» препараты қолданылатын жаңа алты айлық режим енгізілді. 

2025 жылы дәріге сезімтал туберкулезді емдеу тиімділігі 90,5% болды (ДДҰ стандарты – кемінде 90%), дәріге төзімді түрлерінде – 85,3% (стандарт – кемінде 85%). Алты айлық BPaL режимі 100% тиімділігін көрсетті, BPaLM – 94,2%; тоғыз–он екі айлық режимдердің тиімділігі – 83,3%-дан 87%-ға дейін, бұл ДДҰ стандарттарынан жоғары. 

Амбулаториялық емдеу үшін елде екі мыңнан астам кабинет тікелей бақыланатын емге жарақтандырылған. Былтырғы жылдың  қорытындысы бойынша амбулаториялық ем қабылдап жатқан 5 708 емделушінің 57,9%-ы тікелей бақыланатын ем кабинеттерінде, 39,2%-ы смартфон арқылы бейнебақылау режимінде ем алған. Сондай ақ емнің күндізгі стационардағы, үйдегі және  мобильді бригадалар көмегімен жүзеге асатын түрлері қолданылады. Емдеу барысы туралы барлық ақпарат «Дәрімен қамтамасыз ету» және «ТНҰТ» ақпараттық жүйелерінде тіркеледі. 

Соңғы жылдары туберкулезбен ауыратын науқастарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылып келеді. 2025 жылы науқастардың 95%-дан астамы 2,2 млрд теңге сомасында әлеуметтік көмек алды, бұл туберкулезге қарсы ұйымдар бюджетінің 5,2%-ына тең сома. Одан бөлек емделушілердің  банк карталарына ақша аудару, азық-түлік сатып алып беру, ыстық тамақ пен жол шығындарын өтеу түрінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. 

«Туберкулезден емделіп жатқан адам мемлекет пен қоғамның қолдауын сезінуі керек. Әлеуметтік төлемдер мен қаржылық қолдау, сүйемелдеу емге бейілділікті сақтауға және емді үзу сын-қатерін азайтуға көмектеседі. Бұл бағытта біз жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен белсенді жұмыс істейміз», – деді Мәлік Әденов. 

2026 жылы туберкулезге қарсы қызмет ұлттық ақпараттық жүйелерді, қашықтан мониторинг пен бағалау жасаумен байланысты шешімдерін одан әрі дамытуды, нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруді, сондай ақ ауруды ерте анықтау үшін медициналық-санитарлық  алғашқы көмек желісі деңгейінде жасанды интеллект енгізуді жоспарлап отыр. Зертханалық диагностиканы, толық геномдық секвенирлеу және заманауи емдеу режимдерін жетілдіру, кадрларды даярлау және халықтың осал топтарымен белсенді жұмыс жалғасады. 

Спикер атап өткендей, туберкулезді қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде жою мен елдегі бұл аурумен күрестегі тұрақты оң нәтижені сақтау фтизиопульмонология саласының басты міндеті болып қала береді.