Денсаулық сақтау министрлігі: Қазақстанда дәрі-дәрмектің 50%-ы арзандады

Qaz365.kz редакциясы
ЖИ иллюстрациясы/ Ақ Жайық

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті дәрі-дәрмек бағасының жаппай өсуі туралы қауесеттерді жоққа шығарды. 20 өңірде жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша, республикада дәрілік заттардың 50%-ының құны төмендегені байқалады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мамандардың айтуынша, 2025 жылдың қазан айындағы бағаларды маусым айымен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық бар. Әсіресе, бес танымал препараттың құны 20%-дан 40%-ға дейін арзандаған. Олардың қатарында:

  • «Хеель»;

  • «Ревмоксикам»;

  • «Цефяпс»;

  • «ВАЛМАК-Н»;

  • «Зитмак».

Айта кетерлігі, «Цефяпс» пен «Зитмак» антибиотиктері тыныс алу жолдарының инфекцияларын емдеуде жиі қолданылады, бұл күзгі-қысқы суық тию маусымында өте өзекті.

Комитет өкілдері дәріханалардағы бағаның негізсіз өсуіне тап болған азаматтарға DariKZ мобильді қосымшасы арқылы немесе өңірлік департаменттерге хабарласуға болатынын ескертеді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің бекітілген шекті бағасынан асырғаны үшін заң бойынша айыппұл қарастырылғанын тағы бір мәрте еске салды.