«Жұмыс берушіге міндеттеу қажет»: Асхат Аймағамбетов скринингтен өту жайлы заңға түзету енгізуді ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Еңбек Кодексіне өзгерістер енгізілуі мүмкін

Фото: parlam.kz

Депутат Асхат Аймағамбетов 3 күн скринингтен өту үшін азаматтардың төленетін демалыс күнін ала алатынын еске салды. Оның айтуынша, мұны жұмыс беруші де, қызметкерлер де біле бермейді. Сондықтан норма толық жұмыс істемей тұр. Депутат осыған байланысты 3 түзетуді ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол әуелі 3 күн төленетін демалысты алып тексерілуге болатынын көп қызметкерлердің білмейтінін атап өтті. 

«Еңбек кодексінде өте маңызды норма бар. Кез келген жұмыскер ауруын ерте анықтауға скринингтен өту үшін 3 күнге дейін төленетін еңбек демалысын алуға болады. Бірақ бүгінгі күні бұл норма толығымен жұмыс істемейді. Оны біз көріп отырмыз. Мысалы, біраз азаматтар скринингтің бар екенін, қашан өтуге болатынын білмейді. Жұмыс берушілер де осы ақпараттан хабарсыз. Қазір скринингтен өтетіндердің, мысалы, онкология бойынша тек 50%-ы ғана тексеріліп жатыр. Яғни, олардың аурулары өте кеш анықталып жатыр», —  деді Асхат Аймағамбетов. 

Осы мәселеге байланысты депутат Еңбек кодексіне түзетулер ұсынды. 

«Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға eGov кабинеті немесе 1414 арқылы «скринингтен өтуге болады» деген смс-хабарлама жіберсін. Екіншіден, ақпараттық жүйеге жұмыс беруші кімнің скринингтен өтетінін енгізуі керек және кадр бөліміне міндеттеме жүктелсін. Үшіншіден, жұмыс беруші кадрлық қызмет арқылы азаматты скринингтен өткізуге міндеттеп, жауапкершілік енгізсін. «Біздің осы үш түзетуімізге қалай қарайсыздар?» деген сауалымызды Денсаулық және Еңбек министрлігінің өкілдеріне қойдық», — деді Асхат Аймағамбетов.

Осы ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігі де, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де қолдады. Еңбек министрлігінің өкілі Виктория Шегей былай деді:

«Заң жобасы қабылданған жағдайда жұмысшы мен жұмыс берушіге медициналық мекемеден тікелей смс-хабарлама жіберу бізге қолайлы. Бұл шынымен де маңызды норма. Ол жұмыс істейтін азаматтарды алдын ала ескертуге арналған алғашқы қадам болып табылады, және біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп бұл тәсілді ақпараттық жүйеде жүзеге асыруды қарастырып жатырмыз», — деді Виктория Шегей. 

Денсаулық сақтау министрлігі де бұл ұсынысты қолдады. Вице-министр Әлия Шайзадақызының сөзінше, жалпы жыл сайын 3,5–4 миллион адам скринингтен өтеді. 

«Шын мәнінде біз бұл норманы қолдаймыз. Қазіргі таңда елімізде 9 скрининг бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның 3-еуі онкологиялық ауруларға арналған. Шын мәнінде жыл сайын 3,5–4 миллион адам скринингтен өтеді. Бірақ қамтылу көрсеткіші әлі де жетілдіруді қажет етеді. Скринингтің қамтылуы 50%-дан 80%-ға дейін әртүрлі бағытта өзгереді. Біз осы норманы қолдаймыз және оны іске асыруды бастаймыз», — деді Әлия Шайзадақызы. 

Еске сала кетсек, мәжіліс депутаты Наталья Дементьева халықтың тұрмыс жағдайы төмен екенін айтып, азық-түлік бағасын түсіру мүмкін болмаса, кем дегенде сол бағада тұрақтандыру жайлы ойын айтты.