Қазақстандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы препарат биыл тіркеуге жіберіледі

Qaz365.kz редакциясы
Ғылым және жоғары білім

Қазақстандық ғалымдар әзірлеген қатерлі ісікке қарсы отандық препараттың клиникалық сынақтары биыл аяқталып, мемлекеттік тіркеуге жіберілуі мүмкін. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, DVC препараты қазіргі уақытта Астанадағы онкологиялық орталық пен бірнеше өңірлік клиникалар базасында сынақтан өтіп жатыр.

Жоба Назарбаев Университеті жанындағы «Астана» ұлттық зертханасында әзірленген. Саясат Нұрбек былтыр препараттың адамдарға жүргізілген алғашқы клиникалық сынақтары сәтті өткенін еске салды. Алайда тіркеу процесі халықаралық регламенттер мен ЕАЭС стандарттарының қатаңдығына байланысты қосымша уақытты қажет еткен. Қазіргі таңда Алматы, Астана және өзге де аймақтарда пациенттерге жүргізілетін клиникалық зерттеулердің соңғы кезеңдері жалғасуда.

Министрлік бұл бағытта Денсаулық сақтау министрлігімен және Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығымен тығыз жұмыс істеп жатыр.

«Биыл барлық сынақты аяқтап, дәріні тіркеуге береміз деп үміттенеміз. Халықаралық тіркеу — бөлек мәселе, алдымен ұлттық деңгейде рұқсат алуымыз керек», — деді ведомство басшысы.

Саясат Нұрбектің сендіруінше, препарат Қазақстанда ресми тіркелгеннен кейін еліміздегі онкологиялық клиникалар оны емдеу процесінде қолдана бастайды.