Олар қазір тергеу қорытындысын күтіп отыр
Олар қазір тергеу қорытындысын күтіп отыр. Бұл жөнінде Сенат кулуарында ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Суицид факттері жөнінде айтар болсам, өкінішке қарай ондай жағдайлар болып жатыр. Статистиканы қарасақ, ол жайттардың өсімі бар деп айта алмаймыз. Алайда факт бар. Ол немен байланысты? Бар жағдайды ресми түрде қарайық: сол жердегі лауазымды басшылардың жұмысында кемшілік болды. Оны жасыруға болмайды. Сонымен қатар, әскерге шақырылатын жастар контингенті қазір басқаша. Әскерде қызмет атқару үшін толыққанды моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындалмаған деп айтуға болады», - деді ол.
Ерлан Алдажұманов Тараздағы сарбаз өліміне қатысты тергеу аяқталмай ештеңе айта алмайтынын қайталаумен болды. Айтуынша, тергеу әртүрлі амалдарды зерттеп жатыр.
«Ол нұсқаның қайсысы расталатынын, қайсысы расталмайтынын – тергеуге қойылатын сұрақ. Тергеуді Ішкі істер министрлігінің әскери тергеу департаменті жүргізіп жатыр. Біздің оған қатысымыз жоқ. Тергеу материалдарына қол жеткізе алмаймыз. Сол себепті мен бұл жерде ештеңе деп пікір білдіре алмаймын. Істің мән-жайы бәрі аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады», - дейді ол.
Шекара қызметінің директоры Тараздағы жағдайдан кейін қызметтік тергеу жүргізілгенін, тәртіптік шара қабылданғанын айтады.
«Ең алдымен, ҚР Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастығы қызметінен шеттетілді. Содан кейін сол заставаның шекара басқармасы бастығы мен оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сол заставаның бастығы қызметінен шеттетілді. Олар қазір тергеу қорытындысын күтіп отыр», - дейді ол.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 19 тамызында ҰҚК Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. Күдікті Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев таяуда журналистерге осы іске қатысты адам сенгісіз фактілерді жария еткен. Айман Омарова Бекбол Мираштың киімдерінен Қ. деген азаматтың, А. деген азаматтың және К. деген азаматтың шәуеттері табылғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ қорлау сәті ұялы телефонның бейнекамерасына түсірілген деген күдік бар