Түркияға ашылған көмек есепшот жабылып, енді Сирияға жиналады деді Қор өкілдері
ҚМДБ жанындағы “Зекет және қайырымдылық” қоры Түркиядағы табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек ретінде арнайы есепшот ашқан болатын. Бірнеше күннің ішінде қорға халықтан 83 млн 565 мың теңге жиналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталған қаражатты Астанадағы Түркия Елшілігінде ашылған арнайы есепшотқа толық аударды. Қор өкілдері Түркияға ашылған көмек есепшот жабылып, енді Сириядағы зілзаладан зардап шеккен тұрғындарға жиналатынын айтты.
Сондай-ақ 14 ақпан Тараз қаласы бойынша жер сілкінісінен зардап шеккендер үшін арнайы 21 жүк көлігі жасақталып, бауырлас мемлекет Түркия еліне гуманитарлық көмек жөнелтілді.
Шаһар тұрғындары, мешіт қызметкерлері, белсенді жастар, қалаға жақын ауыл-аймақ барлығы бірлесіп, қап-қап түрлі азық-түлік, шаруашылық заттары, жылытуға арналған батареялар, жылы киімдер, киім-кешектің басқа да түрлері, одеяло, көрпе-жастық сынды тұрмыстық қажеттіліктерді жинады.