Цифрлық теңгенің мүмкіндіктері көп.
Қазақстанда айлық цифрлық теңгемен беріле ме? Қаржыгерлер жиынында сұраққа банк омбудсмені, профессор Дархан Нұрпейісов жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Менің ойымша, ол деңгейге де жетеміз. Оған техникалық қиыншылықтар болмайды деп ойлаймын. Айлықты да цифрлық теңгемен алатын болсақ, бұл өзімізге жақсы болады. Әрине, мобильдік қосымшалар арқылы да көп мүмкіндігіміз бар ғой. Цифрлық теңгенің мүмкіндіктері одан да көп. Ұлттық банк төрағасы айтқандай, цифрлық теңгені кюар арқылы сыйлауға да болады. Басқа да қаржылық құралдарға ауыстыруға да мүмкіндік болады. Қазіргі механизм арқылы емес, тікелей ауыстыруға, сатып алуға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Дархан Нұрпейісовтің айтуынша, цифрлық теңгені қазірдің өзінде пайдаланып жатыр. Ол келесі жылы цифрлық теңгені пайдалана бастаймыз деп ойлайтынын айтты.
Цифрлық теңге (ЦТ) — бұл Ұлттық банкі шығаратын цифрлық валюта. Цифрлық ақша электронды түрде де болады: ол блокчейн технологиясымен жасалған арнайы кодқа ұқсайды. 2021 жылы Ұлттық банк қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, «Цифрлық теңгенің» пилоттық жобасын жүзеге асырған. 2022 жылы Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізу мүмкіндігінің пайдасы мен шығындарын зерттеуді жалғастырды. Платформаның технологиялық функционалдығын кеңейту және сандық экономикалық зерттеу жұмыстарын жүргізді.