Теңге неге құнсызданып барады – екі себебі айтылды

Qaz365.kz редакциясы

Үкіметке теңге курсының жоғары болғаны да пайдалы.

Qaz365.kz

Қазіргі таңда теңгенің курсы 1 долларға шаққанда 496 теңге. Доллардың қымбаттауына не себеп? Бұл туралы банк омбудсмені, профессор Дархан Нұрпейісов айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Біздің теңгенің курсы тек қана Қазақстанның экономикасының деңгейіне байланысты емес, ол халықаралық жағдайға байланысты болады. Оның ішінде макроэкономикалық көрсеткішке де байланысты болып отыр. Сондықтан біздің Үкіметке теңге курсының жоғары болғаны да пайдалы. Себебі, бюджетке түсетін кірістердің де сомасы көбейеді. Неше түрлі болжамдар бар ғой. Мәселен, келесі жылы бюджет жоспарлаған кезде курс 470 теңге деп бекітілген. Бірақ халықаралық жағдайда өзгерістер болса, ол 500 теңгеден асып кетуі мүмкін. 515-520 теңгеге (бір доллар) барады деген болжамдар бар», - дейді банк омбудсмені Қазақстан қаржыгерлерінің ХІІ конгресінде бұл Qaz365.kz тілшісіне. 

Дархан Нұрпейісов доллардың қымбаттауындағы екі себебін атады.

«Басты себебі – қазіргі халықаралық жағдай. Ең негізгісі – Ресей мен Украина арасындағы жағдайлар. Екіншіден, АҚШ-тағы президент сайлауына байланысты доллардың өзі де күшейіп жатыр. Біздің теңгенің де курсы сол себепті төмендеп жатыр», - дейді ол. 

Оның айтуынша, бүгінгі күні Ұлттық банк курсты ұстап тұру үшін интервенция жасап отыр. Курсты мынадай курстан асырмау керек деген жағдай болса, онда интервенция ары қарай да жалғасады.

Ол әлем ақшаларының ішінде теңгенің ең жоғарғы орында емес екенін, оның өз себептері барын айтты. Болашақта халықаралық жағдай өзгеретін болса, ел экономикасында өзгерістер болса, теңгенің де курсы тұрақты болады деген ойда профессор.