Солтүстікке бадырайып қарап отырамыз ба – Бапи шаруалардың мәселесін көтерді

Qaz365.kz редакциясы

Ет өнімдерін өндірушілер зардап шегіп жатыр.

Фото: ашық дереккөзден

Парламент мәжілісінде биылғы астықты өткізу мәселесін талқылау кезінде депутат Ермұрат Бапи шаруалардың проблемасын көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа сауал тастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Еуразиялық одақтың кейбір баптарына байланысты, әсіресе, біздің тауар өндірушілер, ет өнімдерін өндірушілер зардап шегіп жатыр. Бірнеше хат келді. Әсіресе, Ресей мен Белорусьтің шұжық және басқа да өнімдерінің экспанциясы салдарынан қазақстандық қайта өңдеушілер зиян шегіп отыр. «Олардың консерванттармен байытылған шұжықтары бәрі арзан, бізде өзіндік құны сәл қымбаттау дүниелер өтпей, зауыттар 40-50 пайыз қуаттылықпен жұмыс істеп жатыр» деп зар илейді. Осы орайда саяси билікке шығып, әлдебір ұсыныстар жасап, Еуразиялық экономикалық одақтың ішіндегі кейбір талаптарға ревизия жасайық, осындай мәселе қояйық деген сіздер тараптан ұсыныстарыңыз бар ма? Әлде солтүстікке қарап, көзімізді бадырайтып отырмыз ба?» - деді депутат.

Өз кезегінде министр Айдарбек Сапаров біраз нарық ашық екенін айтты.

«Қайта өңдеушілер бойынша проблема болды. Былтырлары 30 пайыз ғана болған. Қазір 45-ке көтердік. Өйткені, Қытай аусылға байланысты жабық болды. Қазір жұмыс жасап жатырмыз. Қытайды аштық. Ресейде де аусыл бойынша проблема болды. Оны барып, бірнеше рет кездесіп шештік. Одан жиырма жыл жабық болған Түркияны да аштық. Қазір олармен де шартқа отырып жатыр. Әркім  арзан алғысы келеді, арзан сатқысы келеді. Біраз нарықты аштық. Бізден Қытайда 5-ақ кәсіпорын тұр. Бесеуінің біреуі ғана апарып жатыр. Жеткізу үзіліссіз болу керек қой. Бір күн апарып, ет жоқ деп отырамыз. Онда кооперацияға жасап, кезектен апарып отыру керек. Осындай мәселелер бар. Өз проблемамызды білеміз, ақырын-ақырын шешеміз», - деп жауап берді министр.