Теңгені құтқару үшін шұғыл шаралар қабылданады – Ұлттық банк мәлімдеме жасады

Qaz365.kz редакциясы

АҚШ доллары қымбаттап жатыр.

Фото: gov.kz

Валюта нарығындағы жағдай туралы ҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова түсіндірме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Соңғы уақытта ішкі және сыртқы факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне алып келді. Сыртқы сектордағы жағдай әлі де күрделі болып отыр. Бұл жоғары құбылмалылық пен жаһандық экономикалық тәуекелдердің сақталуымен байланысты. АҚШ доллары дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. DXY индексі қыркүйек айынан бері 5,5%-ға артып, 106,2 тармаққа дейін жетті. ЕМ валюталарының индексі қыркүйек айының соңынан 4,1%-ға төмендеді», - дейді ол.

Молдабекова мұнай нарығында да пессимистік көңіл-күй байқалып отырғанын айтады. Бұл әлемдік сұраныстың баяу қалпына келуі мен ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың өсуі күтілуіне байланысты. Соның салдарынан мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеген.

«Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына сұраныстың артуы және валюта нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектор тарапынан ұсыныстың шектелуі байқалады. Шетел валютасына сұраныстың өсуі жалпы экономикалық белсенділіктің, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің артуына байланысты. Сондай-ақ оған бюджет шығыстарының артуы мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға шығындарының ұлғаюы сеп болып отыр. Осы фактордың барлығы жиынтығында импорттың өсуіне, сәйкесінше, шетел валютасына сұраныстың артуына ықпал етеді», - дейді ол.

Ұлттық банк валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс теңгерімінің бұзылуы инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инвестициялық жобалардың қымбаттауына және жалпы инфляциялық қысымның артуына алып келетінін жеткізді. Осыған байланысты валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады.

«Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Сонымен бірге, бұл талап шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал болып табылады», - дейді ол.