Шымкенттік шенділер жымқырған ақшасына Астана мен Шымкенттен пәтерлер алған

Nur-Altay Umirzak
Сурет: atpress.kz

Шымкенттік лауазымды тұлғалар жымқырған 1,1 млрд теңгеге Астана мен Шымкенттен жеке үй және пәтерлер сатып алған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

“Шымкентте лауазымды тұлғалардың қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізуге бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Қылмыскерлер «Қуатжылуорталық-3» кәсіпорнының сметалық құнын арттыру, сондай-ақ орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы ақшаны иемденіп кеткен. Олар «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартып, 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы беріп ақшаны шешіп алған. Осылайша 24 күмәнді кәсіпорын арқылы жалған мәмілелер жасалған.Тергеу барысында аталмыш қаржыға Шымкент және Астана қалаларында сатып алынған 2 пәтер, 1 көлік тұрағы, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 млн теңге табылды. Осылайша қылмыстық жолмен алынған 358 млн теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне тәркіледі”, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.