Алматыда келесі жылы 800 экологиялық автобус сатып алынады

Nur-Altay Umirzak

Бұл туралы Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтылды

Сурет: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда келесі жылы 800 экологиялық автобус сатып алынатын болды, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қаланың 2025-2027 жылдарға арналған тиісті бюджеті қабылданды.

“Қала үшін негізгі бағыттардың бірі көлік инфрақұрылымын дамыту болып қала береді. Мәселен, бюджетте 300 км жолға орташа жөндеу жүргізуге, 30 км тротуарларға, аялдама қалталары мен алаңдарына, сондай-ақ басқа да көлік құрылыстарына 35 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қалалық қоғамдық көлікті жаңарту бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады. 2025 жылға арналған бюджетте газбен жүретін 600 автобус пен 200 электроавтобус сатып алу көзделіп отыр”, – делінген Алматы мәслихаты хабарламасвында .

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы аясында қалаға қосылған Жас Қанат, Шұғыла, Әлмерек, Ақжар, Рахат, Мәдениет, Боралдай ш/а  аумақтарында жол құрылысы жалғасады. 

Осылайша, жаңа жолдардың құрылысы 70 мыңнан астам тұрғынды қамти отырып, қалаға қосылған аумақтарға көліктік қызмет көрсетуді едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.