Астана тұрғыны Қызыл кітапқа енген 76 құсты ұстап өлтірген

Nur-Altay Umirzak

Күдікті оларды интернет арқылы сатпақ болған

Сурет: polisia.kz

Елордалық Қызыл кітапқа енген торғайды заңсыз аулап, өлтірген деп хабарлайды Qaz365.kz. Бұл туралы Ақмола облысының Бұланды ауданының Полиция бөлімшесі мәлімдеп отыр.

“Ақмола облысының Бұланды ауданында 54 жастағы Астана қаласының тұрғыны жабайы құстарды тор құрып, заңсыз аулап жатқан жерінен ұсталды. Браконьердің торына Қызыл кітапқа енген сирек құстың бірі – қара басты пайызторғайлар түскен.Полиция 76 құсты тәркіледі. Оның көбі торда өліп қалған. Күдікті оларды интернет арқылы сатпақ болған”, – делінген Полиция хабарламасында.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, тәркіленген құстарға сот-биологиялық зерттеу тағайындалды. Тергеу нәтижесінде күдіктіге қатысты шешім қабылданады.