Елшіліктен үміт үзген ағайындарымыз Пәкістан, Иранға кетіп жатыр - ауған қазағы

Qaz365.kz редакциясы

Амруддин Бөрібай Ауғанстанның Балх қаласында 1985 жылы дүниеге келген

Фото: коллаж qaz365.kz

Ауғанстан тарихы атасынан немересіне тіпті, бірнеше буынға жалғасқан Совет әскері, Талибан режимі, түрлі этникалық топтар мен азаматтық соғыстарға қарсы жалғасқан күрестерден тұрады. Ауған жеріндегі этникалық қазақтар қазіргі билік тұсында, жағдайларының күрт нашарлағанын айтып жиі дабыл қағуда. Qaz365.kz тілшісіне Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында тұратын өзін Амруддин Бөрібай деп таныстырған азамат, тәліптердің бүгінгі режимі мен елдегі қазақтардың жағдайы туралы айтып берді. 

Амруддин Бөрібай Ауғанстанның Балх қаласында 1985 жылы дүниеге келген. Өзін этникалық қазақпын деп есептейді. Үйленген. Алты баланың әкесі. Тұрақты жұмысы жоқ. Кіші жүз ішінен Әлім руынан тарайды екен.

«Қазіргі кезде Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласында тұрамыз. Бала кезде мектептен сауат ашпадым. Медресседен ғана оқыдым. Ауғанстандағы бітпейтін соғыстардан қашып жүріп, оқу жағын мүлдем ойламадық. Әке-шешем тірі. Құдайға шүкір! Олардың жасы 70-ке шықты. Қазақстаннан бабаларымыз Қызылорданың Жосалысынан 1930 жылдары көшіп келіпті. Атажұртта алыс-жақын туыстарымыз бар. Елге оралатын болсақ, олар бізге кепіл болады. Өзіміз бір әкеден бес ағайынбыз. Олар өз алдарына отбасылы. Жұбайым екеуміздің төрт ұл мен екі қызымыз бар. Балаларымның үлкені 11-де ал, кішісі бірге толды. Қазіргі Ауғанстанның режимінде ұл балалармыз ғана мектепте оқиды», - дейді Ауғанстандағы қандасымыз.

Дегенмен де жат жұрттағы қандасымыз жеті атасын да ұмытпаған екен.

«Мазари-Шарифтегі жағдай Ауғанстанның басқа провинцияларындағыдай жақсы емес. Өзім құрылысшымын. Құрылыс жұмыстарын көрші Иран елінен үйрендік. Онда да жұмыс істегенмін. Әкем де құрылысшы. Кез келген ғимаратқа ішкі әрлеу жұмыстарын жүргіземін. Ауғанстанда құрылыс жұмыстары өте аз. Қайта қаражаты барлары шетелге кетіп жатыр.  Мұнда тек ақшасы жоқтар қалған. Көбісі ескі үйлерде де тұрады.

Бізде құрылыс заттары да қымбат. Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістан, Иран, Ресей мен Қытай елдерінен ағаш, гипсокартон, темір т.б. материалдар келеді. Бізге де жұмыс істетіп, ақшаларын бермей кететін адамдар да болады. Қолдарында билігі барлардан ондай қорлықты талай көрдік», - дейді 37 жастағы ер азамат.

2021 жылдың тамыз айында «Талибан» ұйымы Ауғанстанға шабуылды үдетіп, ел үкіметін басып алған болатын. Кейіпкеріміз сол кезде отбасымен үйінен екі күн сыртқа шықпапты.  

«Тәліптер ақшамен үкіметтегі адамдарды сатып алды. Бізде Мазари-Шариф қаласының сыртында ел әскері мен тәліп жасақтарының арасында 20 күндей ұрыс болған. Тәліптер қаламызға кіргенде ешқандай соғыс болған жоқ. Бірақ та қарсы шыққандарды өлтіруге дейін барды. Үйден көшеге шықпағандарға тиіспеді. «Талибан» бізге ешқандай да құжат бермейді. 3 мың доллары барлар құжат сатып алады. Бізде ондай ақша жоқ. Атажұртымызға қалай ораламыз деумен жүрміз. Елшілікке барсақ, бізден құжат талап етеді», - дейді сұхбат беруші.

         Ауғанстандағы билік тізгінін қайта қолына алған тәліптерге де үш жылға жуық уақыт таяп қалды. Амуриддин мырзаның айтуынша, шариғат заңдары Ауғанстандағы қоғамдық орталарға да әсер етіпті.  

«Қаламызға «кәлима-и шахадат» басқа да шариғат нормаларына қатысты сөздер ілініп тұр. Әйелдер бұрынғыдай емін-еркін көшеде жүрмейді. Оларға білім алуға рұқсат жоқ. «Талибан» бұрынғы кездегідей адамдардың қолын шауып, ашық түрде жазаламайды. Намаз уақытында мешітке бармай жатқандары болса, оларға міндетті түрде хабарлап айтады. Жұмысын жасап жатқандар да сол мезетте баруға тура келеді. Мешіттердегі имамдар шариғат үкіметінің орнағандығын жиі-жиі айтумен еске де салады. Халықты уайымдамауға шақырады. Ауғанстанда жұмыстың көптігін де айтады. Алайда, ондай емес қой. Әлемдік ақпараттар туралы да талқыланады. Түркиядағы зілзалаға байланысты «мұсылмандар онда көбеймей, адамдар дінге немқұрайлы қарап, намаз оқымады» дегенді естідім. Сондықтан да адамдарды жердің астына кетті дейді. Украина туралы да айтылады. Ресейдің ісін дұрыс деп, Украинаны Еуропадан қайтарып жатыр дейді. Тәліптер Орта Азиядағы елдер туралы жақсы пікірде», - дейді құрылысшы маман.

         Сөзінше, «Талибан» қозғалысы Американы күпір деп санайды екен. Сондықтан да Ауғанстаннан шығарып жібергендерін айтып, мақтанып та алады екен.

«Тұрақты жұмысымыз жоқ. Мұнда мал шарушалығымен де айналысамыз. Бұрындары қолымызда жылқы мен сиыр да болды. Қазір балаларымызға ыстық тамақ жоқ. Бізге тек жұмыс пен ыстық тамағымыз болса жетеді. Атамекенімізден басқа ештеңе сұрамаймыз. Ауғанстанда нан тауып жеу қиын. Өз нанымызды табамыз ғой. Қазақ үкіметіне масылдық етпейміз.

Ауғанстанда балиғат жасына толған қыздары барларға қиын. Ертерек тұрмысқа шығып кетудің қауіп де бар. Кейбір жерлерде 15 немесе одан да жас кезден тұрмысқа шығатындары бар», - дейді ол.

         Амруддин мырзаның айтуынша, Кабулдағы Қазақстан елшілігіне үш мәрте барған.

«Елшілікке алғаш рет Ашраф Ғанидың билігі кезінде бардым. Консулмен де сөйлестік. Ол 40 күннен кейін тағы хабарласуымызды сұрады. Ол кезде де хабарластым. Бірақ пандемияға тап келді. Коронивурс кезінде бізде қаладан шыға алмай қалық. Тәліптерден кейін екі мәрте бардым. Әр барғанда он күн болып қайтамыз. Елшіліктегілер бізде құжат жоқтығын айтады. Содан кейін елге қалай жібереміз дейді. Елшілікке барғанда «өздерін қазақпыз» деп, Қазақстан елшілігін жағалап жүрген басқа ұлтарды да көрдім. Елшіліктен үміт күтпеген ағайындарымыз Пәкістан, Иран мемлекеттеріне де кетіп жатыр. Онда да ақшасы барлар ғой», - дейді алты баланың әкесі.

         Қандасымыз Қазақстанның кез келген жеріне баруға дайын екендіктерін жеткізеді. Қазір елге алып кететін болса да барамыз дейді.

 «Айт намазы басқа да күндері қазақтар жиналсақ, бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлесеміз. Бірақ, сіздер сияқты таза сөйлей алмаймыз. Кейбіреулері өзбек тілімен араластырып та сөйлейді. Мен балаларыммен қазақ тілінде сөйлесе алмаймын. Өйткені, олардың ойын ортасында өзбек, пуштун секілді балалар көп. Ана тілімізді осылай жоғалтып алмасақ екен», -деді ол.

Біз арқылы Қазақстандағы барша қазақ жұртына сәлем айтатынын жеткізді. Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақтарды Ауғанстанда қалдырмауын өтінді. Қазақ үкіметіне масыл болмайтындарын да жиі-жиі қайталайды. Бізден де қолымыздан келгенше жәрдемдесуімізді сұрады.