"Кореядан арзанға көлік әкеп беремін": Ресейден Қазақстанға экстрадиция

Nur-Altay Umirzak

Халықаралық іздеудегі күдікті 145 млн теңге шығын келтірген

Сурет: genby.ru

Аса iрi көлемде алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеме жасады.

“Күдікті 2023 жылы Корея Республикасынан автокөліктерді нарықтық бағадан төмен бағамен жеткізуге уәде беріп, алаяқтық жолмен Алматының 6 тұрғынынан 145 миллион теңгеден астам қаржы алған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, соған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған. Биыл сәуірде ол Ресейдің Краснодар өлкесінде ұсталып, содан кейін Қазақстанға экстрадицияланды”, – дейді Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейсов.

Қазір күдікті тергеу изоляторында. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.