Халыққа салынған айыппұлдардан түсетін ақша қайда кетіп жатыр

Qaz365.kz редакциясы

Депутат «Сергек» камераларынан қанша қаражат бюджетке түсетінін сұрады

Фото: ашық дереккөзден

Депутат Аманжол Әлтай Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкинктен «Сергек» камераларынан түсетін қаражаттың қайда кететінін сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мәжілісте жолдардың, көлік инфрақұрылымдарының мәселесі талқыланды. Депутат Аманжол Әлтай цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкинке «Сергек» камераларынан түсетін қаражаттың қанша бөлігі қайда кетіп жатқанын сұрады. 

– Айыппұлдардан түскен қаражаттың бәрі де бюджетке түседі. Шарттар әр өңірде әртүрлі. Әр өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қалай орнатылғанына байланысты. Демек, ол шарттарды әкімдіктер камераларды орнатып, инвестицияны қайтару, операциялық шығындарды өтеу бойынша конкурс негізінде жасаған, – деді Коняшкин.

Депутат Астана қаласында «Сергек» камераларынан қанша қаражат бюджетке түсетінін сұраған. «Қаражаттың қанша пайызы қазынаға, қанша пайызы жеке компанияға түсетінін айтсаңызшы» деп қайта сұрады.

«Тағы да айтайын. Әр өңірде пайыз әртүрлі. Барлық айыппұлдың қаражаты бюджетке түседі. Содан бюджеттен инвестиция мен операциялық шығындар өтеледі. Әр өңірде МЖӘ әртүрлі шарттармен жасалған», – деп вице-министр нақты айта алмады.