Сауда министрі Жұманғарин "Бәсе" арнасы жазған 10 пәтер өзінің отбасына тиесілі екенін растады

Qaz365.kz редакциясы

Министр  "пәтерлерді өз атына аударып алуға тура келгенін" айтты

фото: ашық дереккөзден

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бұған дейін YouTube-тегі "Бәсе" арнасы хабарлаған 10 пәтер өзінің отбасына тиесілі болғанын растады. Ол бұл пәтерлерді өз еңбегімен тапқанын, ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын айтты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі azattyq.orq-ке сілтеме жасап. 

Бұған дейін "Бәсе" арнасы Серік Жұманғарин 2016 жылы ұлттық экономика министрлігінде табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің жетекшісі болып тұрған кезде "пара ретінде 10 пәтер алғанын", "тоғызын әйелінің атына рәсімдегенін" жазған.

22 ақпанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Жұманғарин "интернет-арна жариялаған ақпаратты жала жабу және фактілерді бұрмалау" деп атады. Ол мемлекеттік қызметке 35-тен кейін келгенін, 1990-2000 жылдары бизнес-құрылымдарда жұмыс істегенін айтты.

"Ол үйлерді менің отбасыма тиесілі бизнес-құрылымдар салған. Ақтөбеде ол жерде бұрын ескі орман шаруашылығы болған. Біз оны сатып алып, 2007 жылы тұрғын үй кешенін сала бастадық. Өкінішке қарай, 2007 жыл аса сәтті бола қойған жоқ, ипотека дағдарысы болды, оған көп қаражат кетті. Құрылысты тоқтатуға тура келді. Жалпы, компания үшін күрделі жағдай туындады. Көп қарызы болды", – деді Жұманғарин.

 

Министр инвестиция тартып, үйлерді салып бітіргенін, алайда пәтерлер жөнді сатылмағандықтан және компанияның қарызы да көп болғанындықтан, жағдайға қарай "пәтерлерді өз атына аударып алуға тура келгенін" айтты.

"Біріншіден, құрылысы ұзақ. Екіншіден, бұл пәтерлер мүлде сатылған жоқ. Оның үстіне, компанияға өте көп салмақ түсті, заңды тұлғаларға мүлде бөлек жоғары салық салынады. [Сөйтіп] 2016 жылы салықты оңтайландыру мақсатында сол пәтерлерді өзімнің атыма ауыстырамын деп шештім. Мұнда қылмыстық элемент мүлде жоқ. Иә, ол пәтерлер біздікі, Ақтөбе өзі – қызық қала, елдегі ең арзан пәтерлер сол жақта" деді, –  сауда министрі.

Ол барлық мүлкін декларацияда көрсететінін айтып, ешқандай заңсыз әрекетке бармағанын меңзеді. Министр жарияланған ақпаратқа қатысты сотқа шағым түсіру мәселесін де қарастырып жатқанын айтты.

6 ақпандағы бейнеролигінде "Бәсе" арнасы бірқатар құжатты да жариялаған. Ақтөбедегі осы пәтерлерге қатысты берілген сенімхат та жарияланды, онда әрбір пәтердің аумағы мен бағасы көрсетілген. Интернет-арна пәтерлер нарықтағыдан төмен бағамен сатып алынғанын жазды.