Өңірде жұмыс орны көбейген
Түркістан жұрты Дархан Сатыбалдыны шығарып салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысының бұрынғы әкімі Дархан Сатыбалдының кететінін жұрт күтпеген сыңайлы. Экс әкімді шығарып салуға келген түркістандық ақсақалдар жүрекжарды лебіздерін арнап, ақ жол тіледі.
«Мына екі жарым жылдың ішінде қаншама дүние істеп кеттіңіз. Елдің экономикасын өз деңгейінде көтеріп, қазір республика бойынша алдыңғы орындарда екенін жақсы білеміз. Ол өз-өзінен келген жоқ. Сіздің күн-түн демей істеген еңбегіңіздің арқасы», - дейді көңілі босаған ақсақалдардың бірі.
Дархан Сатыбалды өз сөзінде өңірдегі экономика әртараптандырылып, жұмыс орны көбейгенін айтты.
«Мен бұл аймақта қызмет еткеннен кейін, әрине, мен үшін мәртебе, жауапкершілік болды. Шынымды айтсам, мұнда келгеннен бастап абыроймен істесем деген бір ғана тілегім болды. Бір кісі айтқан еді. «Кіндік қаның тамған жеріңе маңдай терің таматын болса, елдің алғысын аласың» деген. Қолдан келгенше жұмыс істедік. Негізгі мақсат – экономиканы әртараптандырып, жұмыс орнын беру еді. Соған бағыт бастадық. Енді келген азаматтар соны жалғастырады деген үміттеміз», - деді экс әкім.
Еске салсақ, бүгін мемлекет басшысының Жарлығымен Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әкімі лауазымына тағайындалған еді.