Ұлттық парк аумағынан 80 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған
Көлсай көлдері аумағында тазалық және экологиялық нормаларды сақтау бойынша кешенді жұмыстар жасалуда, деп хабарлайды Qaz365.kz «Көлсай көлдері» МҰТП әкімшілігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде балықшылардан көл бетінде қалған қоқыс туралы бейнежазба тараған еді. Ұлттық парк әкімшілігінің хабарлауынша, бейнежазба тараған кезде көл аумағында қоқыстан тазалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқан. Ұлттық парк аумағында келушілерге тазалық сақтау мен табиғат ережелері туралы ақпарат ұдайы беріледі. Сондай-ақ тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Мысалы, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Көлсай көлдері аумағынан 80 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылған.
Ал видеоны түсіріп, табиғатқа жанашырлық танытқан азаматқа алғыс білдірген Ұлттық парк әкімшілігі қоқыс пен балық аулаушылар мен демалушылар қалдырған қалдықтар сол күні-ақ толықтай тазаланғанын хабарлады. Сондай-ақ тазалық ережелерін бұзған балықшыларға әкімшілік жауапкершілік туралы ескертіліп, Ұлттық парк аумағында экологиялық нормаларды қатаң сақтау туралы ақпарат берілген.
«Мереке және демалыс күндері балық аулаушылар мен туристер саны айтарлықтай көбейеді. Бұл күндері Ұлттық парк қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, тазалық пен тәртіпті сақтау шараларын қамтамасыз етуге тырысады. Алайда, өкінішке қарай, табиғатқа жанашырлықпен қарамайтын адамдар да жиі кездеседі. Ұлттық парк аумағына келушілерге бұл тек демалыс аумағы ғана емес, табиғи байлығымыз екенін сезініп, жауапкершілікпен қарауын сұраймыз», – дейді Ұлттық парктің әкімшілігінде.
Қазіргі кезде Көлсай көлдері аумағында бақылау күшейтіліп, инспекторлар мен Ұлттық парк қызметкерлерінің саны көбейтілген. Әрбір екі сағат сайын рейд өткізіледі.
Көл аумағында келушілерге заңсыз балық аулауға тиым салынғаны, ереже бұзушылық үшін айыппұл қарастырылғаны, тазалық сақтау туралы ақпарат беріліп, ескерту жасалады. Ал жанашыр азаматтарды экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында бірге жұмыс істеуге шақырады.
«Біз бұл бағытта еріктілермен, блогерлермен, табиғатқа жанашыр азаматтармен тұрақты түрде экологиялық акция, іс-шаралар өткізіп, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында халыққа ақпарат жеткізгіміз келеді. Өйткені Көлсай көлдері сынды табиғи байлықты сақтаудың маңыздылығын ең бірінші кезекте қоғам түсінсе дейміз. Табиғатты қорғау ісінде жанашыр азаматтар атсалысып, біздің серіктес, қолдаушыларымыздың қатарында болуға шақырамыз», – дейді МҰТП әкімшілігі.
Айта кетейік, 2024 жылы Алматы облысы туризмнің қарқынды дамуы бойынша рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Қаңтар мен қазан аралығында аймаққа 1,6 миллион турист келген. Оның ішінде «Көлсай көлдері» – туристер ең көп келген нысандардың бірі. Мұнда 2024 жылы 394 903 демалушы келген. Бұл көрсеткіштер елімізде ішкі туризм дамып, туристер көбейгенін көрсетеді, алайда сонымен қатар экологиялық мәдениетті арттыру қажеттілігі байқалады.