«Мені шақырып жатыр»: орыс тілінде шала сөйлегені үшін «Болашаққа» түсе алмаған маман қуанышты жаңалығын бөлісті

Qaz365.kz редакциясы

«Болашақ» басшысы спорт медицинасының маманын кездесуге шақырған

Фото жеке мұрағаттан

«Болашақ» бағдарламасын тіл мәселесіне байланысты өткір сынаған спорт медицинасының маманы Жасұлан Темірбаев Халықаралық бағдарламалар орталығының басшысы өзін кездесуге шақырғанын мәлім етті, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

««Болашақ» басшысы (Халықаралық бағдарламалар орталығы) тікелей хабарласып, бетпе-бет кездесуге шақырып жатыр. Айтайын дегенім, алдында біреу «Болашақтың адамдары жақсы ғой, неге қарсы келіп жатырсың» деп жазды. Мен ол жерде ешкімге қарсы келіп жатқан жоқпын. Тіл мәселесі болды. Негізі тілге қатысты содан кейін комиссия мүшесінің біліктілігіне байланысты видео түсіргенмін. Бірақ осындай резонанс туындап, сондай деңгейге жетті. Негізі «Болашақ» – өте мықты бағдарлама. Кез келген маман өзінің білімін жетілдіру мақсатында шетелге барып келсе болады», - дейді Жасұлан Темірбаев.

Еске сала кетейік, спорт медицинасының маманы Жасұлан Темірбаевтың тіл мәселесіне байланысты «Болашақ» бағдарламасына іліне алмай қалғанын көптеген БАҚ жарыса жазған еді. Грант сынына түскен түлекті бағдарламаның тәуелсіз комиссия мүшелерінің бірінің «орыс тілін акцентпен сөйлейді екенсіз, Қазақстанды ұятқа қалдырасыз» деген сөзі көпшілікті ашуландырған. Жасұлан тіл мәселесімен қатар, комиссия мүшелерінің спорт медицинасынан хабары аздығына налыған. Qaz365.kz тілшісі маманның өзімен сұхбаттасқан еді.