Кәсіпорынға келтірілген алдын ала шығын 200 млн теңгеден асады
Қызылордада мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаменті мәлімдеп отыр.
“Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы прокуратураның үйлестіруімен қаладағы кәсіпорыннан мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан адамдар тобын ұстады. Қылмыстық схемаға өндіріс нысанының қызметкерлері мен күзетшілері тартылған. 20-дан астам тінту шарасы жүргізілді. 25 тоннадан астам ұрланған мұнай өнімдері тәркіленді. Күдіктілердің әрекетінен кәсіпорынға келтірілген алдын ала шығын 200 млн теңгеден асады. Полицияға 12 адам жеткізілді, оның 9-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қазіргі уақытта мұнай өнімдерін ұрлау және тиісті құжатсыз тасымалдау фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.