Перизат Нұрымованың пәтер жалдап тұруға мүмкіндігі жоқ
Талғардағы қанды оқиғада қаза тапқан Шерзат Болаттың әпкесі Перизат Нұрымова халықтан ақша жинап жатқаны жайлы ақпарат тарады. Ол белсенді Димаш Қаматайдың парақшасы арқылы үндеу жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Перизат Нұрымова ақша жинауға балаларының қауіпсіздігі себеп болғанын және оның ағасы Қаржаубай Нұрымовқа еш қатысы жоғын мәлімдеді.
«Қолдаудың ашылу себебін нақтылай кететін болсақ, бала-шағамның қауіпсіздігі себеп болды. Бұл резонансты іс басталғалы бері маған қоқан-лоқы көрсеткен жағдайлар болып, содан құзырлы органдарға арыз жазып, тексеріске жіберілген болатын. Қазіргі таңда балаларымның қауіпсіздігін ойлағым келеді. Ал менің пәтерді жалдап тұруыма мүмкіндігім жоқ. Пәтерді жалдап алу үшін келісімшарт жасаймын. Пәтерін жалға беретіндер мені көрген кезде, алты балам барын естіген кезде келісім бермейді. Осы күнге дейін ата-анаммен бірге тұрдым. Қазақта сөз бар ғой. «Бауырларға бірге тумақ бар, бірге тұрмақ жоқ» деген. Бәріміз бір жерге үйілмей, енді анам бауырыммен бірге кететіні рас. Мен өзімнің бала-шағамды алып, бөлек шығуым керек», - дейді Перизат Нұрымова,
Қоғам белсендісі Димаш Қаматай Перизаттың отбасының баспанасыз болу себебін айтты. Оның сөзінше, Перизат 2018 жылдан бері көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрған, бірақ 2022 жылы тізімнен алып тастаған. Кейін оны қайта тіркеген екен.
«Отбасының баспанасыз болу себебі – 2018 жылы үй кезегіне тіркеліп, 1421-ші орында болған. 2020 жылы 258 орынға жылжыған. 2022 жылы тізімнен жоқ болып шығады. Қазіргі таңда отбасы қайтадан тіркеліп, 1078 орында тұр. Қазақ халқы біріксе, осы отбасы жаңа басапанаға ие бола алады. Соңғы екі күнде 2 миллионнан астам қаражат жинап, өз үлесін қосып жатыр», – дейді ол.