БҚО-дағы тікұшақ апатының себебін екі бірдей ведомство өкілдері тексереді

Qaz365.kz редакциясы

Бұл туралы ТЖМ өкілі мәлімдеді

ҚР ТЖМ

Батыс Қазақстан облысында болған тікұшақ апатының себептерін екі бірдей ведомство өкілдері тексереді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұ туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов ведомствода өткен брифингте айтты.

«Оқиғаның мән-жайын тергеумен ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері айналысатын болады», - деді министрліктің ресми өкілі.

Сондай-ақ, ол экипаж мүшелерінің бәрі білікті мамандар болғанын еске алды.

«Экипажда білікті, жоғары тәжірибелі мамандар болғанын атап өткім келеді, олардың әуеде ұшу сағаттары да аз емес. Әрқайсысының авиақұтқару саласындағы еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, ал жалпы еңбек өтілі 30 жылдан асады», - деді Руслан Иманқұлов.

Еске салсақ, кеше Батыс Қазақстан облысында «Қазавиақұтқару» АҚ-ға тиесілі тікұшақтың «апатты жағдайда қонып», 4 адамның мерт болғанын хабарлаған болатынбыз.