Вице-министр "асқазанынан хат табылған" сотталушының өліміне қатысты іс жөнінде айтты

Qaz365.kz редакциясы

Оның сөзінше, "өзін-өзі өлтіруге жеткізу" бабы (105-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалған

orda.kz

Ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев бір апта бұрын Заречный кентіндегі 155/8 мекемесінде "суицидтен" қаза болған тұтқынның өліміне байланысты іс туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz Азаттыққа сілтеме жасап.

18 ақпанда "Халық үні" ("Голос народа") сайты марқұмның асқазанынан "тұтқынның өліміне кінәлі" адамдардың аты-жөні көрсетілген хат табылды деп жазған.

"Өткенде болған оқиға. Дұрыс айтасыз. Сараптама кезінде хат табылғаны рас. Ол туралы іс тіркеліп, қазір тергеу жүріп жатыр", –  деді 23 ақпанда Марат Қожаев Азаттық тілшісіне.

Оның сөзінше, "өзін-өзі өлтіруге жеткізу" бабы (105-бап) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әзірше ешкімге айып тағылмаған.

"Қазір қандай да бір адамға айып тағылды деп айта алмаймын. Дәлелдер жиналған жоқ. Тергеу органдары жинақтаған дәлелдерге сай айып тағылатын шығар. Егер кінәлі адамдар анықталса", –  деді Марат Қожаев.

"Халық үні" сайтының жазуынша, 15 ақпанда Алматы облысы Заречный кентіндегі 155/8 мекемесінде 1998 жылы туған Әркен Қарасай есімді сотталушы "суицид жасаған". Ол өзіне қол жұмсамай тұрып бауырына хат жазып, онда осы мекеменің "өзін суицид жасауға итермелеген" төрт қызметкерінің аты-жөнін атаған. Хатта Әркен Қарасай өзі жазасын өтеп отырған мекемедегі "жемқорлық" туралы айтып, "түрме қызметкерлері жас жігіттерді мекемеге жұмыс істеуге мәжбүрлейді, келіспесе, ұрып-соғады, балағаттайды" деп жазған.

"Халық үні" сайты хаттан "Осы мәселені шешіп, оларды заң аясында толық жазалауды сұраймын. Бұл хат менің ішімде болады, өз қолыммен жазғанмын. Өліміме тікелей осы адамдар кінәлі. Хат адресатына жетеді деп ойлаймын" деген үзінді келтірген.

Марқұмның бауыры Жәкен Қасенов "Халық үні" сайтына бауыры 14 ақпанда телефонмен сөйлескенін, "өлім алдында жазған хаты" туралы ақпарат ертесінде таң ата түскенін айтқан.

"Біз кешке сөйлестік. Таңертең ерте телефонымды ашсам, сағат 4.17-де түскен хатты көрдім. Бірден колонияға тарттым, жолда онымен бірге жазасын өтеп жүргендер хабарласты. Оның денесін тапқандар "асылып өлді" деді. Түрмеге жеткенде ол жақта тергеушілер, лагерь басшысы жүрді. Мәйіті Қонаев қаласының мәйітханасына жеткізілген", –  деді Жәкен Қасенов.

Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті 15 ақпанда таңертеңгі 6.00 шамасында мекеме қызметкерлері тұтқын Әркен Қарасайдың денесі табылғанын айтты. Дәрігерлер ол "тұншығып өлгенін" айтты.

"Сотталушының денесін тексерген кезде дене жарақаты анықталмады. Сот-медицина сараптамасының барысы видеорегистраторға тіркелді. Сотталушы жақсы жағынан көрінген. Әкімшілікпен арада кикілжің болмаған", –  деп жазылған департамент хабарламасында.

Құқық қорғаушылар мен белсенділер Қазақстан түрмелерінде адам өлімі жиі болатынын айтады. Қаңтардың басында Заречныйдағы өзге мекемеде Денис Воронцов өлгені белгілі болған. Прокуратура тұтқынның өліміне "асқазан ауруы" себеп екенін мәлімдеген. Құқық қорғаушылар мен марқұмның туыстары ресми мәлімдемеге күмәндана қарайды. Туыстарының айтуынша, марқұмды "мекемеде азаптап, ұрып соққан".