Ұлттық банк 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы базалық мөлшерлемені бекітті

Nur-Altay Umirzak

Келесі шешім 2025 жылғы 7 наурызда қабылданады

Сурет: ҚР Ұлттық банкі

Бүгін Ұлттық банк 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы базалық мөлшерлемені бекітті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі мәлімдеді.

“Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.Желтоқсан айында Қазақстанда инфляция 8,6%-ға дейін үдеп, 2024 жылға болжанған 8-9% диапазон шегінде қалыптасты. Қызметтер бағасының жоғары өсуі және тамыздан бастап байқалып отырған азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясының жеделдеуі оның динамикасына көптеп үлес қосты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру мен теңгенің әлсіреуі аясында инфляция күш алып тұр. Сонымен қатар инфляцияның орнықты бөлігінде өсім сақталып отыр. Ол фискалдық ынталандыру жалғасқандықтан сұраныс тарапынан қысым барын көрсетеді. Желтоқсан айында халықтың инфляциялық күтулері, жоғары құбылмалылықты көрсетіп, қайта өсті”, – делінген  Ұлттық банк хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 7 наурызда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланатын болады.