Ол бәсекелестікті шектей отырып мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындармен шарттар жасасқан
Маңғыстау облысында әкімге 393 мың теңге немесе 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мәлімдеп отыр.
“Түпқараған ауданы Таушық ауылының әкімі тарапынан бәсекелестікке қарсы іс-қимылдың белгілерін анықтады. Ауыл әкімінің аппараты бәсекелестік ортадағы көшелерді жарықтандыру қызметтері бойынша бір көзден мемлекеттік сатып алу конкурстарын негізсіз өткізу арқылы бәсекелестікті шектейтін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындармен шарттар жасасқаны белгілі болды. Осыған байланысты ведомствоға монополияға қарсы орган сұратқан ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбау фактісі бойынша Таушық басшысына қатысты 100 АЕК немесе 393 200 теңге мөлшерінде айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Департамент ауыл әкімдігіне қатысты хабарлама түрінде монополияға қарсы ден қою актісін енгізіп, ол толық көлемде орындалған.