Ол науқастың қан қысымын жоғарылату үшін аяғын көтеріп тұрған
Ұшақта адам өмірін сақтап қалған студент Дінмұхаммед Бектұрған оқиға қалай болғанын «Хабар» арнасының «Оян» бағдарласына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еске салсақ, жақында Қызылорда-Астана әуе рейсінде оқыс оқиға орын алған еді. Жолаушы есінен танған кезде бортсерік ондағы жолаушылардың арасынан медициналық көмек көрсететін адам іздеген. Сол сәтте бір жігіт қолын көтеріп, жедел жәрдем беруге кіріскен.
Жолаушыға дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалған азамат Дінмұхаммед Бектұрған есімді Астана медицина университетінің 7 курс студенті болып шықты. Ол қиын сәтте бар білімін есіне түсіріп, жедел көмек көрсеткен. Ал ем қонған жолаушы аман қалды.
Дінмұхаммедтің айтуынша, оқиға 10 қаңтар күні каникулдан қайтып бара жатқанда, ол ұшаққа отырғаннан кейін жарты сағат өткен кезде болған. Бортсерік хабарлағаннан кейін ешқандай дәрігер көрінбегендіктен өзі барайын деп шешкен.
«Ауырсынып жатқан шамамен 50 жастағы ер адам екен. Ол кісі кеуде қуысында жүрегінің қысылуына шағымданып жатты. Сол кезде қан қысымын өлшейтін танометр сұрап, бортсеріктер бәрін әкеліп берді. Басында жүрек соғысы қатты болды. Қан қысымы төмендеді. Бір минутта тыныс алуы жоқ болып кетті. Мүмкін, жүрек тоқтауы болды ма деп ойладым. Содан жерге жатқызып, бірден әрекетке көштім. Шамалы уақыттан соң ол кісі өз қалпына келді. Қан қысымын жоғарылату үшін аяғын көтеріп тұрдым. Сол кезде өз-өзіне келіп алсын деп аспирин беріп, ұшақта бар кислород балонымен маскасын тағып, әуежайға жеткенге дейін бақыладым. Содан жедел жәрдем бригадасы жеткен соң науқасты табыстадым» - дейді Дінмұхаммед.
Сондай-ақ ол бұрын-соңды мұндай шұғыл оқиғалар басынан өтпегенін, бірақ кез келген адам оқыс оқиғаға дайын болу керектігін айтты.
«Бастапқы он секундта қорқыныш болды. Алайда медицина саласында жүргендіктен мұндай жағдайларға медицина қызметкерлері дайын болу керек. Өйткені, ол біздің борышымыз. Осындай оқиғада адамды аман алып қалам деген ойым болмапты. Әрине, жеті жыл оқыған еңбегім бар. Осылай бәрі сәтімен болғанына қуаныштымын», - дейді болашақ дәрігер.
Болашақта Дінмұхаммед урология мамандығында оқығысы келеді екен. Ол үш тілде еркін сөйлейді. Медициналық актуалды ақпараттың барлығын ағылшын тілінде оқып отырады.
«Болашақта интернатурадан кейін резидентура деген бар. Содан урология мамандығына барсам деймін. Таңдауым осы мамандық. Меніңше, медицина мамандарының білімін арттыру үшін ағылшын тілі ауадай керек. Себебі, қазіргі медицина тілі – ағылшын тілі. Өйткені, барлық ғылыми жобалар, мақалалар ағылшын тілінде жазылады. Дәрігерлер үшін білімін арттыру мақсатында ондай материалдар өте қажет. Актуалды ақпараттың барлығы ағылшын тілінде болады. Арманым – осы саланы мықты меңгеріп, жақсы дәрігер болу», – дейді Дінмұхаммед Бектұрған.