Отандық GTA: Премьер-министр Үкіметте әріптестерін ойын ойнауға шақырды

Qaz365.kz редакциясы

 Бектенов тек отандық ойындарды ойнау керектігін айтты

Фото: ашық дереккөзден

«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы және отандық ІТ-экспортты дамытуды талқылаған Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Grand Mobile ойынына қызығушылығын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Премьер-министр жобаны таныстырған маманнан Grand Mobile-дың қандай ойын екенін сұрады.

«Grand Mobile бұл жай ғана ойын емес,  адамдар осы ойын арқылы бір-бірімен ойнап әрі онлайн байланыста болатын ашық әлем. Ол ойын смартфондардағы Android және AppStore қосымшаларында қолжетімді.  Плэймаркет қосымшасында алдыңғы үштікте тұр», - деді Grand Mobile ойынын таныстырған маман.

Ойын туралы маманның пікірін тыңдаған Бектенов әріптестерін қазақстандық ойынды ойнап, қолдауға шақырды.

«Онда бос уақытымда ойнап көрейін. Мүмкін болса, тек отандық ойындарды ойнау керек. Әріптестер, мен барлығыңызды шақырамын. Мен біздің жас әріптестер ойнайтынын білемін. Егер қолдасаңыздар, ойнап көрейік», - деді Бектенов.