«Жұмысы ауыр, айлығы төмен»: депутат жұмысшы мамандардың жалақысын көтеруді ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов техникалық жұмысшылардың айлығы төмен екенін айтып, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дәулет Тұрлыханов әуелі Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет, сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз деген сөзін алға тартты.
 
Депутаттың айтуынша, осы бастамаларды іске асыру үшін қазіргі уақытта барлық салада жетіспейтін  білікті техникалық жұмысшыларды тарту қажет. Себебі, жалақының төмендігінен еден жуушы, аула сыпырушы, плотник, сантехник, күзетші, техникалық жұмысшылар және тағы да сол сияқты мамандар тапшы. 

«Депутат ретінде орта мектептер мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің ұжымдарымен кездесуде білім ұйымдарында жалақының төмендігінен техникалық жұмысшылардың, еден жуушы, аула сыпырушы, плотник, күзетші, сантехник, тағы да сол сияқты мамандар тапшылығы көтерілді. Неге ол жұмысқа ешкім келгісі келмейді,  себебі жұмысы ауыр, айлығы төмен.  Бұл жағдайда, инфляцияны ескере отырып, техникалық жұмысшылардың жалақысын индекстеу мүмкіндігін қарастыру қажет», - дейді ол.

Сондай-ақ депутат Тұрлыханов техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі жұмысшы кәсіптері бойынша білім алушы студенттердің мемлекеттік стипендиясын ұлғайтуды ұсынды.

 «Парламент Үкіметтің мемлекеттік стипендияны ұлғайту жөніндегі бастамасын қолдап, бүгінде оның мөлшері 43 мың теңгені құрағанын атап өткім келеді. Дегенмен, стипендияның бұл мөлшері жұмысшы мамандықтарына оқып жатқан студенттерді толыққанды қолдауға әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты, аттестаттау нәтижелері «қанағаттанарлық» және одан жоғары деңгейде студенттерге мемлекеттік стипендия тағайындау мәселесін, сондай-ақ қазіргі уақытта үлкен сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша оқитын студенттердің стипендия мөлшерін ұлғайтуды қосымша қарастыруды  ұсынамын», –  дейді ол.